ОЛИМПИАДА-2012: Сәпиевте кем дегенде «қола» бар - он бірінші күннің қорытындылары

АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше жазғы Олимпиада ойындарының жарыс жолына шыққан қазақстандық спортшылардың саны аз болды.
None
None

Ең елеулі жаңалық еліміздің «алтынға» деген басты үміті Серік Сәпиевтің жартылай финалға шығуы болды.

Бокс турнирінің ширек финалында Серік Сәпиев венесуэлалық боксшы  Габриел Маэстрені айқын басымдықпен ұтты.

Алғашқы раундта-ақ Серік басымдық танытып, 5:2 есебімен алға шыққан болатын. Дегенмен екінші кезеңде бар күшін жинаған венесуэлалық тегеуірінді қарсылық танытып, тіпті біздің спортшыны нокдаунға да жібере жаздады, есеп - 5:5. Бірақ шешуші кезеңде барын салған Серік 9:2 есебімен аяқтап, жеңіске жетті. Қорытынды есеп - 20:9. Енді жартылай финалда Серік Сәпиев пен азулы ресейлік боксшы Андрей Замковой кездеседі. 69 келі салмақ санатында жұдырықтасатын  бұл боксшылардың шаршы алаңдағы айқасулары бірінші емес. Есте болса, олар 2009 жылы Миланда өткен Әлем чемпионатында кездесіп, Замковой Серікті жеңген еді. Ал ағымдағы біздің боксшы Алматыда өткен турнирде сол жолғы есесін қайтарып, кездесуді 14:4 есебімен аяқтаған болатын.

Айта кетейік, 3 тамыз күні біздің боксшы 1/8 финалда жапондық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шыққан болатын. Ол үш кезеңде де өзінің басымдығын танытып, тіпті екінші раундта Ясухиро Сузукиді нокдаунға да жіберген еді. Дегенмен, жапон спортшысы өзінің тәжірибесі арқасында жекпе-жекті соңына дейін жеткізе алды. Шаршы алаңдағы кездесу 25:11 есебімен С.Сәпиев пайдасына шешілді.

Серік Сәпиев Қарағанды облысының тумасы. 11 жыл бойы боксты жанына серік еткен 28 жастағы Серік, екі мәрте Әлем чемпионы (2005, 2007 жылы), Азия чемпионы (2007, 2009 жылы), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы) атанған. Жолдаманы өткен жылы Бакудегі Әлем чемпионатында екінші орынды иеленгені үшін алды.

Сонымен қатар кешегі жарыс күнінде Олимпиада ойындарында 500 метрлік қашықтыққа байдаркада жеке дара ескек есу сайысында Қазақстан ұлттық құрамасының басты үміті Наталья Сергеева ақтық финалға өтті. Ең бірінші топтық кезеңнен сәтті өткен жерлесіміз, кейін жартылай финалда 1:53.888 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесіп, өз тобында төртінші келді. Қарағанды облысының тумасы енді «алтын» медаль үшін жарысты 9 тамызда өткізеді.

Наталья Сергеева Халықаралық санаттағы спорт шебері.  Ұзақ уақыт Армияшылардың орталық спорт клубының атынан өнер көрсеткен ол, қазіргі уақытта Алматының Динамо командасы атынан жарыс жолына шығып жүр. Айта кетерлігі, бұл спортшы өткен жылы өте тамаша өнер көрсетіп, әлем кубогының үш кезеңінде бір алтын, екі күміс медальді еншіледі. Ал әлем чемпионатында Беларусь спортшысымен өткен жарыста жарты секундқа кейін қалып, жүлделі үшінші орыннан қағылды.

Кеше боз кілемге шыққан грек-рим балуаны Дархан Баяхметовтың да Олимпиада жүлдесінен үміті үзілді. 66 келі салмақ санатында  өнер көрсететін Дархан Баяхметов 1/8 финалда литвалық палуан Эдгарас Венскаитиске есе жіберді. Грек-рим күресі шеберіміз Олимпиада жүлдесі жолындағы іріктеу сынында сербиялық Алесандр Максимовичті 3:0 есебімен таза жеңген еді. Дегенмен 1/8 финалдан ары аса алмады.

Естеріңізге сала кетейік, спорттың бұл түрінен Қазақстан қоржынында бір ғана "қола" бар. Оны 84 келі салмақ санатында боз кілемге көтерілген Даниял Гаджиев жеңіп алған еді. Ал қалған спортшыларымыз жарыс жолынан шығып қалған болатын.

1985 жылы дүниеге келген Дархан Азия чемпионы, Венгрияда өткен  Гран-придің жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы. Ол елордада өткен Азиялық лицензиялық турнирде Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған еді.

Жеңіл атлетшілер Евгений Эктов пен Роман Валиев те үш секіріп қарғуда жарысты тәмамдады. ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында үш секіріп қарғудан қазақстандық жеңіл атлетшілер Евгений Эктов пен Роман Валиев квалификациялық топтық кезеңнен әрі аса алмады.

16.31 метрге секірген Евгений Эктов «А» тобында 10-орын алса, Роман Валиев 16.23 метр көрсеткішпен «В» тобында дәл осындай орынға қол жеткізді. Жалпы бұл сында 12 атлет ақтық сынға өтті. Олар жүлде үшін болатын жарысты 9 тамызда өткізеді.

Тағы бір қазақстандық жеңіл атлет Вячеслав Муравьев 200 метр қашықтыққа жүгіруден іріктеу сынынан өте алмады. Спортшымыз мәреге өз тобында 7-ші келіп, 21,75 секунд уақытты көрсетті. Нәтижесінде - «1» тобындағы соңғының алдындағы орын. Ал жалпы есепте В.Муравьев тек 50-ші орыннан көрінді.

Бұл жарыста қазақстандық спортшымен бірге Олимпиаданың төрт дүркін чемпионы Усэйн Болт та жүгірген еді. Ямайкалық әлем рекордшысы өз тобындағы үздік нәтиже - 20,39  секунд уақытты көрсетті, бірақ турнирлік кестеде емес. Жалпы есепте бірінші орынды франциялық Лемаитре (20,34 сек.) және тағы бір ямайкалық жүгіруші - Йохан Блэйк (20,38 сек.) ұстауда.

Ямайкалық спортшы Лондон Олимпиадасында ерекшелене алып, өз құрамасының қоржынына «алтын» әкелді. 100 метрге жүгіруде ол бәрінен үздік болды. У.Болт қашықтықты 9,63 секундта жүгірді, бұл жаңа олимпиадалық рекорд болып табылады.

У.Болттың Олимпиадада жеңген алтын медалі өзінің спорттық мансабындағы төртіншісі. Алғашқы үшеуін 2008 жылы Бейжіңде иеленген. 200 метрге финалдық жүгірулер 8 тамызда өтеді. Оған қазақстандық спортшы қатыспайды. Өз кезегінде ғаламшардағы ең «шапшаң» адам футболға кетуге кетәрі еместігін мәлім етті. Жүгіруден ямайкалық спортшы, 100 метрге жүгіруден Олимпиада жарыстарының екі дүркін чемпионы Усейн Болт, өзінің спорттық қызметінің бағытын ауыстырып, өз күшін футболда сынап көру шешімін қабылдады.

Спринтер өзін атақты британдық "Манчестер Юнайтед" клубында ойнауға лайық деп есептейді, және көпшілік алдында «манкуниандықтардың» бас жаттықтырушысы Алекс Фергюссонға көпшілік алдында ресми мәлімдеме жасап та үлгерді.

Утро.рудың хабарлауынша, «қызыл шайтандардың» жаттықтырушысы оған «ескі арманын» жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімді екенін айтты, алайда футбол үшін «тым жүйрік» бола алатынын да қосып өтті. Болт оның сөздерінің құр сөз еместігін атап өтті. «Егер Алекс Фергюссон маған телефонмен хабарласып, «Жақсы, кел де - қолыңнан келетінді көрсет» десе, мен оған «Жоқ» деп жауап бере алмаймын, - деп жазады басылым.

Қазақстан спортышлар кешегі күнді осындай нәтижелермен аяқтады. Ал Қазақстанды өкшелеп келе жатқан Германия мен Ресей елдері кешегі күні қоржындарын алтын жүлдемен толықтырып, Қазақстанды артқа тастады. Осылайша Қазақстан жалпы командалық есепте тоғызыншы орынға сырғыды.

Ертең еліміздің үкілеген үміттерінің басым бөлігі жарыс жолына шықпақ. Лондон Олимпиадасында 8 тамыз күні қазақстандық спортшылар қатысатын жарыс кестесі мынадай:

Жеңіл атлетика
15.00. Сырықпен секіру. Біліктілік сайысы. Никита Филиппов
15.10. Он сайыс. 100 м. Дмитрий Карпов
16.10. Он сайыс. Ұзындыққа секіру. Дмитрий Карпов
16.35. 800 м. 1-ші раунд. Маргарита Мұқашева (Мацко)
18.10. Он сайыс. Ядро лақтыру. Дмитрий Карпов
 23.00. Он сайыс. Биіктікке қарғу. Дмитрий Карпов
 01.30 Он сайыс. 400 м. Дмитрий Карпов
 
Таеквондо
16.45 Іріктеу кезеңі. 58 кг. дейін. Нұрсұлтан Мамаев (Қазақстан) - Тамир Баюми (Египет)

Жеңіл атлетика, таеквондо жарыстары (параллельді қосылу) «Ел арна» телеарнасында сағат 23:00-ден 03:45-ке дейін тікелей эфир арқылы көрсетіледі

Әйелдер күресі
18.00. Іріктеу сыны. 48 кг. дейін. Жұлдыз Ишимова
18.00. Іріктеу сыны. 63 кг. дейін. Елена Шалыгина

Әйелдер күресі «Хабар» телеарнасында сағат 22:45-тен 01:15-ке дейін тікелей эфир арқылы көрсетіледі.

Бокс 
Әйелдер
19.30. Жартылай финал. 75 кг. дейін. Марина Вольнова (Қазақстан) - Кларисса Шилдс (АҚШ)
Ерлер 
01.30. ¼ финал. 49 кг. дейін. Біржан Жақыпов (Қазақстан) - Шимин Цзоу (Қытай)
02.45. ¼ финал. 64 кг. дейін. Данияр Елеусінов (Қазақстан) - Винченцо Манчикапре (Италия)
04.00. ¼ финал. 81 кг. дейін. Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан) - Эхсан Рузбахани (Иран)

Бокстан ¼ финал жекпе-жектері  «Хабар» телеарнасынан сағат 01.30-дан 04.30-ға дейін көрсетіледі.

Алтынмен апталған, күміспен күптелген спортшыларымыздың саны ертең тағы да арта түссін деп тілейік.

Соңғы жаңалықтар