Олимпиада чемпиондары - Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова елге ұшып келді

   АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін таңғы рейспен Алматы қаласына Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегерлері - Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова ұшып келді.
None
None

Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясынан хабарлағандай, Алматы әуежайында Қазақстанның батыр қыздарын алматылықтар ел болып қарсы алды. Құшақ-құшақ гүлдер, көтеріңкі көңіл-күй және туған-туыстардың көз жасы, жиналған жұрттың қуанышында шек болмады. Алтынмен апталып келген чемпиондар сол жерде баспасөз мәслихатын өткізіп, өздерінің жеңіс жолындағы естеліктерімен бөлісті.

Естеріңізде болса, 53 келі салмақ санатында өнер көрсеткен жерлесіміз З.Чиншанло серпе көтеру сайысында 131 келі зілтемірді көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Ал екі сайыстың қорытындысы бойынша 226 келіні бағындырып, Лондон Олимпиадасының чемпионы атанды. Одан кейін жарыс жолына шыққан Майя Манеза (63 келі) жалпы салмағы 245 келіні көтеріп, Олимпиада рекордын жаңартты. Ол бізге үшінші алтын медаль әкелді.  Ал 75 келі салмақ санаты бойынша Қазақстанның намысын қорғаған Светлана Подобедова әлемдік рекордты екі мәрте жаңартып, ел қоржынына төртінші "алтын" түсірген болатын.

Соңғы жаңалықтар