Олимпиада тапсырмаларын халықаралық жарыстарға қатысқан дарынды жастар әзірлейді - Ш. Қирабаева

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда информатика пәнінен өтіп жатқан XXVII Халықаралық олимпиаданың (OIO-2015) тапсырмалары өте күрделі. Оларды кез келген ғалым шеше алмайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, Олимпиада тапсырмаларын кезінде осындай халықаралық додаларға қатысқан, ал бүгінде осы салада қызмет атқарып жүрген жас ғалымдар әзірлейді.

«Олимпиада тапсырмалары өте күрделі. Оларды кез келген ғалымның өзі шеше алмайды. Бұл тапсырмаларды «Дарын» орталығы жанына құрылған Ғылыми-техникалық комитеттің мамандары әзірлеген. Ал олар - кезінде осындай халықаралық додаларға талай рет қатысып жүлде алған дарынды жастар. Тапсырмалар тур басталғанға дейін өте құпия сақталады. Тур басталып, орталық сервер ашылған кезде ғана балалар оларды көре алады. Бірінші турға 4 тапсырма, екінші турда 5 тапсырма беріледі. Жеңімпаздар екінші турдан кейін ғана белгілі болады. Енді қазақстандық дарынды баларымыз жүлделі орындардан көрінеді деп үміттенеміз», - деді Ш. Қирабаева.

Оның айтуынша, Қазақстан атынан өте мықты оқушылар қатысып жатыр. Олардың әзірге аяқ алысы жаман емес.

«Олар кезінде республикалық олимпиадаларда алтыннан алқа таққан балалар. Әрқайсысы информатика пәнінен өткізілген Еуразиялық олимпиада күміс медальге ие болған. Біз негізі жылына солар үшін 4-5 оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрамыз. Біздің ғалымдар, яғни тренерлеріміз оларды осындай жарыстарға арнайы дайындайды», - деді Ш. Қирабаева.

Айта кетелік, информатика пәнінен Алматы өтіп жатқан XXVII Халықаралық олимпадада Қазақстан атынан Данияр Маминов, Мейрамбек Өмірзақ, Бекжан Бекболатұлы, Назарбек Алтыбай сынды жас зияткерлер қатысып жатыр.

Бүгін оқушылар екінші турдың тапсырмаларын орындау үстінде. Түстен кейін тапсырма нәтижелерін талқылау басталады.

Соңғы жаңалықтар