Олжас Бектенов: Kazakh Invest компаниясын сапалы түрде қайта құрылымдау қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, онда Мемлекет басшысының ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов Kazakh Invest компаниясының биылғы 10 айдағы қызметінің қорытындылары туралы баяндады, сонымен қатар ұйымдық құрылымды өзгерту мәселелерін Директорлар кеңесінің талқылауына шығарды. Атап айтқанда, орталық кеңседе қосымша лауазымдар енгізу және шетелдерде жаңа өкілдіктер ашу ұсынылды.

Премьер-министр Kazakh Invest компаниясы ұсынып отырған ұйымдық құрылымын қабылдамады, оны дайындаудағы үстірт көзқарасты атап өтті.

Олжас Бектенов қолданыстағы штат саны шеңберінде компанияны сапалы түрде қайта құрылымдау қажеттігіне назар аударды. Жұмыстың әбден бюрократияланып, нақты нәтижелерге бағытталмай отырғанына қатысты сын айтылды.

Премьер-министр Kazakh Invest экономикаға қомақты инвестиция тартудың тиімді, икемді әрі ұтқыр құралына айналуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін процестерді қайта құрылымдап, әрбір қызметкер үшін нақты тиімділік көрсеткіштерін енгізу қажет.

Ұлттық компания қазақстандық өндірушілерді қолдау арқылы инвесторлар төңірегінде тұрақты өндіріс тізбегін құруға бағытталған.

«Бұл жұмысты күшейту қажет. Ең бастысы – нақты нәтиже. Сылдыр сөзден бұрын, жобаларды жүзеге асыруға, кәсіпорындарды іске қосуға мән беру керек», - деп атап өткен Олжас Бектенов «инвестициялық тапсырыс» тетігін белсенді пайдалану қажеттігін баса айтты. 

Бұл ресурстарды көмір және мұнай химиясы, агроөнеркәсіп, машина жасау сияқты және басқа да келешегі зор салаларда экспортқа бағытталған өндіріс құруға бағыттауға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша Kazakh Invest компаниясына күн тәртібі шеңберінде ұсынылған құжаттарды он күн ішінде пысықтау тапсырылды.

Осыған дейін Үкіметтің жарнаманы таңбалау жүйесіне жаңа түзетулер енгізіп жатқаны туралы жаздық. 

 

Соңғы жаңалықтар