Олжас Сүлейменов: Әдебиет - бұл мәдениеттің негізі

Журналистерге сұхбат берген Олжас Сүлейменов өз сөзінде ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығында айтқан: «Егер біз әдебиетті жоғалтсақ, біз ұлтты сақтап қала алмаймыз» деген сөзін тілге тиек етті және «дәл айтылған», - деп баға берді.
«Бұл қазақ әдебиеті мен ұлтына ғана қатысты емес, Еуразиялық кеңістіктегі әр ұлтқа қатысты. Халқының тағдырын ойлаған жазушылардың дабыл қағуы тегін емес. Өйткені, әдебиет - бұл мәдениеттің негізі», - деп өз пікірін қосты ақын.
Еске сала кетейік, РФ-дағы ҚР Елшілігінің бастамасымен «Литературная газетаның» мұрындық болуымен Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің шығармашылық зиялы қауымы бас қосты. Оған Қазақстаннан Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин, Төлен Әбдіков, Бақытжан Қанапянов, Ұлықбек Есдәулет, Роллан Сейсенбаев, Әлібек Асқаров сынды белгілі жазушылар мен зиялы қауымының өкілдері қатысты. Ал жиынға ресейлік тараптан Юрий Поляков, Николай Анастасьев, Лев Аннинский, Владимир Личутин сынды белгілі әдебиетшілер келді.