13:38, 30 Мамыр 2009 | GMT +5
Өнеркәсіпшілер форумында Шығыс Қазақстанның атынан қазақстандық мазмұн мәселесі бойынша бірқатар нақты ұсыныстар жасалды
ӨСКЕМЕН. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ -Өскеменде өткен Өнеркәсіпшілер форумында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазақстандық мазмұн мәселесіне қатысты бірнеше ұсыныс жасады.
Атап айтқанда, аймақаралық байланыстармен тығыз айналысу, ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алудағы үлестерін талдау және ешқандай қосымша қаражатты қажет етпейтін басқа да бірқатар нақты ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Б.Сапарбаев «мемлекеттік сатып алулар барысында шығысқазақстандық өнімдердің тек 1 пайызы ғана ұлттық компаниялардың назарын аударған, ал аймақтың әлеуеті мол», деген пікір айтты. Аймақта әлемдік стандарттар бойынша өнімдердің түр-түрін шығаратын кәсіпорынның көп екені де атап көрсетілді. «Бірақ та олардың көпшілігі дағдарысқа байланысты өнімдердің өндірілу көлемін азайтуда. Тығыз аймақаралық ынтымақтастық орнату, нормативтік базаны жетілдіру, бизнес пен өкіметтің іс-қимылдарын келісу керек», дейді Б.Сапарбаев. Екіншіден, менің пікірімше, ұлттық өнімдердің үлесін арттыруға қор жеткілікті болғанымен, олар мемлекеттік даму институттары қаржыландыратын инвестициялық жобалардан көрініс таппай отыр, деді аймақ әкімі өз сөзінде. «Қазақстандық үлес бойынша шарттарды ірі инвестициялық жобаларда көрсету керек. Оларға - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы, «Кеңқияқ-Алашаңқай» мұнай құбыры құрылысының екінші кезегі, «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» газ құбырының құрылысы мысал бола алады. Аталмыш жобаларға Өскемен арматура зауыты, «Гидросталь» зауыты атсалыса алар еді. Бірақ ол үшін көлік және коммуникация, энергетика және минералдық ресурстар министрліктері тарапынан қолдау қажет», деп тоқталды аймақ әкімі өз сөзінде. Шығыс Қазақстан әкімінің айтуынша, үшіншіден, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы мен тұрғын үй құрылысының мемлекеттік жобаларын жүзеге асыруға, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын түрлі аймақтық инвестициялық жобаларға қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілердің атсалысуын да қамтамасыз етуге болады. Бердібек Сапарбаев сондай-ақ өнімдерін конкурстық амалдарсыз сатып алуға болатын отандық адал өндірушілердің реестрін жасауды да ұсынды. Бұл шара түрлі құжаттарды жинауға және дайындауға уақыт пен қаражатты қысқартуға мүмкіндік береді және келісімшарттарды қамтамасыз ету үшін банк кепілдемесін алудың да қажеттілігі болмайды. «Мұндай реестрді енгізу және конкурстық амалдардан босату отандық өндірушілерді реестрге қосылу үшін белгіленген тиісті стандарттарға қол жеткізуге ынталандырар еді. Оған қоса, ұлттық компанияларды отандық өндірушілерден өнімдерді сатып алу кезінде 30 пайыз мөлшерінде алдын-ала төлем жасауға міндеттеу керек, бұл шара өндірістерге несие алмай-ақ, қажетті өнімді шығаруға және оның өзіндік құнын көтермеуге мүмкіндік береді», дейді Б.Сапарбаев.