Өңірде ауыл шаруашылығы саласында күрт бетбұрыс қажет - Н.Ноғаев, БҚО әкімі

Бұл туралы сала ардагерлері және маман-басшыларымен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездескен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Таяуда облыс басшысы барлық он екі ауданда болып, әкімдердің қорытынды есептік кездесулеріне қатысып, аймақтағы істің мән-жайына қаныға түскен болатын. Соңғы жылдары БҚО-да қуаңшылықтың салдарынан егін шаруашылығынан мол өнім алынбай келеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, демеуқаржы бөлініп жатқанымен, тиімділік пен қайтарым ойдағыдай емес. Сол секілді мал шаруашылығында да мал басы азайып, өнімділік төмендеп отыр. Биылғы қыс барысында кейбір жерлерде жемшөп тапшылығы байқалып, малдың аман қалуы мұңға айналып тұр.
Кездесу барысында ардагерлер өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Мәселен, кезінде Жаңақала ауданын ұзақ жыл басқарған Әділғазы Нұрғалиев суландыру жүйесін жолға қою қажеттігін айтса, облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Абат Есенғалиев малдәрігерлік саланың бетімен жіберіліп, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрғандығын жайып салды. Өңірде ірі шаруашылықтарға жетекшілік еткен Федор Скобычкин аналық мал басын сақтау керектігіне назар аударды. Мәселен, 150 мыңдай сиыр болса, соның 10 пайызы шығынға кетеді дегеннің өзінде одан алынатын төлдің аналығын өсіру қажет. Аналық мал сойысқа кетпеу үшін шаруашылықтарға соның орнын толтырарлықтай қолдау көрсетілсе, жөн болар еді. Кезінде «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытында алты мың бас асыл тұқымды мал өсірілді. Осындай асыл тұқымды мал шаруашылықтарын қайта жаңғыртып, оның сапасын арттыра білсе, өнім де, тиімділік те ойдағыдай болары анық. Бұған батысқазақстандық ғалымдар сүбелі үлес қоса алар еді. Айталық, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің базасында көп жұмыс тындыруға болады.
Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі салада көптеген мәселелердің қордаланып қалғандығын, оны шешу үшін әр басшы қызметкердің дербес жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап көрсетті.