13:53, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Өңірде Елбасы Жолдауына сәйкес білікті маман даярлауға баса назар аударылмақ
ОРАЛ. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында Елбасы Жолдауына сәйкес білікті маман даярлауға баса назар аударылмақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіби білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елімізде көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Үкімет қаулысымен республикалық техникалық, кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілік берудің ғылыми-әдістемелік орталығы қайта ұйымдастырылып, өңірлерде филиалдары ашылған болатын. Осы орталықтың батысқазақстандық филиалының директоры Қадырбек Ақдәулетовтің айтуынша, бүгінгі күн талабына сәйкес кәсіби білім беру жүйесі де қазіргі экономикалық жағдайға, еңбек нарығына жедел бейімделуі қажет. Сол себепті алдағы уақытта мемлекеттік немесе жеке оқу орнын бітірген техникалық және қызмет көрсету саласы мамандары сапаны тәуелсіз бағалаудан (СТБ) өтуі тиіс. Өйткені өндіріске дайын маман керек. СТБ-дан сүрінбей өткен түлекке мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі. Қазір көптеген жұмыс берушілер, соның ішінде шетелдік компания басшылары бірінші кезекте дипломды емес, біліктілік сертификатын сұрайды. Соңғы үш жылда аталмыш филиал сертификатын алған үш жүзден астам жас маманның барлығы дерлік жұмысқа орналасты.
Батысқазақстандық кәсіптік мектеп түлектері өткен жылы сапа көрсеткіші бойынша ел көлемінде төртінші орынға шықты. Мамандардың пікірінше, бұл ? кәсіптік мектептердегі компьютер сыныптарының, цехтар мен зертханалардың жаңаруы, материалдық-техникалық базасының жақсарып, педагог кадрлар біліктілігі артуының нәтижесі. СТБ кабинеттері қазіргі кезде оқу орындарында да ашылуда. Мұндай шаралар бұрын облыс орталығында өткізіліп келсе, енді аудандарда да қолға алына бастады. Биыл СТБ-ға облыстағы барлық кәсіптік мектеп қатыспақ.