Өңірлерде баға түзу үдерісі әлсіз бақыланатындықтан, азық-түлік тауарларының бағасы өсіп отыр-А. Күрішбаев

АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздің өңірлерінде көтерме сауда саласындағы баға түзу үдерісі әлсіз бақыланып жатыр. Сондықтан да азық-түлік тауарларының бағасының күрт қымбаттауына жол беріліп отыр. Бұл пікірді бүгін селектор форматындағы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев білдірді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, сәуір айнында елімізде жеміс-жидек пен көкөніс бағасының күрт өскені байқалды. Бұл негізінен маусымдық факторлармен байланысты. «Егер облыстар бойынша баға өсіміне талдау жасайтын болсақ, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында ең көп өсіп отыр», деді ол.

Осы орайда , А. Күрішбаев жеміс-жидек пен көкөніс бағаларының өскендігінің үш себебі анықталғанын атап көрсетті. Біріншісі - бұл импортшылардың қызметіндегі ашықтықтың жоқтығы. Екіншісі - нарықтағы уақытша тапшылықты дер кезінде ұстай білетін сатушылардың алыпсатарлық іс-қимылдары. «Бұған өңірлердегі бөлшек бағалардың күрт қарама-қайшылығы айғақ болып табылады. Мәселен, сәуірде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында картоптың бағасы тиісінше 38 пайызға және 19 пайызға өсті. Ал, сол уақытта Алматы облысында картоптың бағасы небәрі 10 пайызға өсті. Сол уақытта Ақтөбе облысында қырыққабаттың бағасы 44 пайызға қымбаттаса, Батыс Қазақстан облысында бар-жоғы 6 пайызға өсті», деді министр.

Оның айтуынша, үшінші себеп - делдалдардың санының көптігі. Мәселен, Үрімшіде 1 киләсі 80 теңге тұратын помидор көптеген делдалдардың қолынан өте келе Астанада 350 теңгеден сатылады. «Жоғарыда айтылған себептердің барлығы жергілікті жерлерде көтерме сауда саласындағы баға түзу үдерісін бақылау жөніндегі шұғыл шаралардың әлсіз жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді», деді министр.

Осы орайда А. Күрішбаев азық-түлік тауарлары бағасының өсіміне жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар қабылдауға тиісті бірқатар шараларға тоқталып өтті.

Соңғы жаңалықтар