Өңірлерді басқару тәжірибесі бар кадрлар қажет - Н. Назарбаев
Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, отырыс барысында Елбасы үлкен жұмыс атқарғаны үшін Бауыржан Байбекке алғыс айтты және партия Төрағасының жаңа бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовті таныстырды.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта жетекші әрі бүкіл халық алдындағы жауапты саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясының алдында аса маңызды міндеттер тұрғанын атап көрсетті. Соның біріншісі қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыру болып табылады.
«Жаңғырту жұмыстары күрделі жағдайда өтіп жатыр. Біздің экспорттық тауарларымыздың бағасы айтарлықтай төмендеп, бюджет ақшасы азаюда. Сондықтан мен Үкіметке және барлық әкімдерге халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бюджетте қажетті қаражат болуын қамтамасыз ету үшін қаржыны қатаң үнемдеуді тапсырдым. Ел арасында да тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.