Өңірлік бағдарламалар алдымен жергілікті депутаттар талқысынан өтіп барып қабылдануы тиіс - Н. Нығматулин
Бүгін «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз - партия, Парламент пен Үкімет бірлесе атқаратын жұмыстардың берік іргетасын қалыптастырдық. Бұндай тәжірибені өңірлік деңгейге де енгізуге барлық жағдай бар деп ойлаймын. Осыған орай, партия өзінің республика өңірлеріндегі жұмысын да жандандыра түседі. Біз жергілікті жерлерде, барлық облыстар мен Астана және Алматы қаласының әкімдері өңірлерді дамыту бағдарламасын, жергілікті бюджет жобаларын депутаттық топтарда талқылап алғаннан кейін ғана мәслихаттардың бекітуіне беруі тиіс деп ойлаймыз», деді Н. Нығматулин.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен өткен «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында экономиканы дамытудың негізгі бағыттары талқыланып, фракция Үкімет ұсынған «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын.