Оңтүстік аймақтар - Үкіметтің жіті бақылауында

Осыған орай бүгінде Үкіметтің тікелей тапсырмасы бойынша ол жаққа жақын аймақтардан қосымша құтқарушылар мен өрт сөндірушілер құрамдары тартылды. Ал Атырау облысында биыл аталған қардың екіжылдық мөлшері түскен. Сондықтан қар ерісе, облыстағы біраз жерлерді су басып қалу қауіп бар. Өткен сенбі күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов осы мәселелерді арнайы селекторлық кеңесте тағы бір мәрте пысықтап шықты.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың хабарлауынша, осы уақытқа дейін Оңтүстік Қазақстан облысында селдің салдарынан 5 үй құлап қалған. Қазіргі кезде қабырғасы жарылған тағы 59 үй құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Осы орайда министр мырза оңтүстік өңірлерде салынатын жер үйлердің сапасын сынға алып, ондай баспаналардың құрылысын жіті бақылауға алу қажеттігін ерекше атап өтті. «Оңтүстік Қазақстан облысындағы үйлердің басым бөлігі саман кірпіштен салынады. Бір өкініштісі, оны қажетті фунтаментке қоймайды. Сол себепті Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігі ондай үйлерге қойылатын барлық талаптарды барынша күшейтуі тиіс. Бәріміз жақсы білеміз, осыдан үш жыл бұрын ол жақта 1,5 мың үй құлады. Биыл да ол үйлер жермен жексен болады... енді, су тисе, саманның жағдайы белгілі ғой», - дейді В.Божко. Негізі, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 217 елді мекенде сел жүріп өтті. Осының салдарынан 114 үй мен әлеуметтік маңызы бар 5 нысанды су басты.
Төтенше жағдайлар министрлігі Шардара, Бөген және Сергеевка су қоймаларындағы судың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда шамадан жоғары деп отыр. Алайда ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаевтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде барлық су қоймалары ойдағыдай жұмыс істеп жатыр, судың деңгейі ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ. «Оңтүстік өңірі бойынша бізде Сырдария өзенінің ағымына әсер ететін негізгі екі құрал бар. Ол - Шардара су қоймасы және Көксарай контрреттеуіші. Көксарай су тоспасы биыл алғаш рет толығымен іске қосылады. Оны біз 3 млрд. текше метр сумен толтыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде онда 2 млрд. текше метр су бар. Сондықтан біз оған тағы 1 млрд. суды жібере аламыз», - дейді М.Толыбаев. Вице-министрдің айтуынша, Шардара су қоймасын 5,2 млрд. текше метр сумен толтыруға болады. Қазіргі кезде онда 4,5 млрд. текше метр су бар. Демек, 0,7 млрд. текше метр қосымша бос орын сақталып отыр. Бүгінде жергілікті әкімдіктермен келісе отырып, Шардара мен Көксарайға судың арнайы кестесі жіберіліп жатыр.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Толыбаев атап көрсеткендей, Қостанай облысындағы Желқуар су қоймасының жағдайы қиындау болып тұр. Бұл нысан Ресей жақтан келетін өзен сулардың көлемін көтере алмайды. Батыста кейбір өзендердің бойында жиналып қалған қардың аса көп мөлшері де біраз қиындық туғызуы әбден мүмкін. Министрлік болса, ең алдымен, Сырдарияның суын бірқалыпты деңгейде ұстауға тырысады. Бұл жұмысқа Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары білек сыбана кірісіп кеткен. Ең бастысы, Арыс өзенінің Сырдарияға құйятын суы артып кетпесе болғаны.
Атырау облысында өткен айдың соңында қардың екіжылдық мөлшері түсті. Бұл жағдай сел жүру қаупін күшейтіп отыр. «Қазіргі кезде қарды тазалау және сыртқа шығару бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс бойынша селге қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы штаб құрылды. Бірақ бүгінгі болжамдар бізді қатты алаңдатып отыр. Себебі Жайық, Қиғаш, Шароновка, Уил және Ембі өзендері бойында орналасқан көрші Ресей аймақтарында да бірталай қар түсті. Осыған байланысты бүгінде Атырау қаласы мен облыстағы 57 елді мекенді су басып қалу қаупі бар», - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Асқар Әбдіров. Оның айтуынша, жоспар бойынша облыс бюджетінен қажетті қаражат бөлу қарастырылған. А.Әбдіров оның нақты сомасын айтқан жоқ. Бірақ ол ақшаның жетпейтіндігі анық. Сондықтан облыс басшылығы Үкіметтен шамамен 3 млрд. теңге қосымша қаражат сұрап отыр.
Кеңес соңында С.Ахметов, ең алдымен, республиканың оңтүстік аймақтарында баспанасыз қалған азаматтарға тиісті көмек беріп, бақылау шараларын тәулік бойы атқарып тұруды тапсырды. Үкімет басшысының орынбасары бірінші басшылардың тікелей жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салды. «Бүгінде бұл мәселе - Үкіметтің жіті бақылауында. Сондықтан мен барлық басшыларға жауапкершілік жайында тағы бір мәрте ескертемін. Әрине, табиғат біздің жоспарымызға өзгеріс енгізіп жатыр. Оны түсінуге болады. Бірақ кез келген нәрсенің алдын алуға болады. Бұл жерде тек бірінші басшылардың бақылауы ғана қажет. Бірдеңе болса, облыс басшылары және осы жұмысқа жауапты орталық мемлекеттік органдар жауап беретін болады», - деп атап көрсетті С.Ахметов.