Оңтүстік Қазақстан облысында 50 көпір мен жол өтпелері салынады - «Жаңа Жібек жолы» ақпараттық туры

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өтетін  учаскесін  қайта салуды жобалау барысында  жол бойына жақын орналасқан елді мекендердің көптігіне баса назар аударылды.
None
None

Осы елді мекендерге көлік қатынасына кедергі келтірмеу мақсатында жобалаушылар 50 көпір мен жол өтпелерін салуды қарастырды.  

Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің директоры Арман Қайырбеков атап өткендей, қазіргі уақытта 30 көпір мен 13 жол өтпелерін  тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, Түркістан қаласының маңындағы 12 аралықтан тұратын жол өтпесіне баса назар аударған жөн. Оның құрылысымен  «Дена Рахсаз» компаниясы  айналысуда.

Бұл жол өтпесі тарихи - мәдени ескерткіштердің орталығы саналатын Түркістан қаласы арқылы  өтетін жүк транзитті  көліктерінің ағынын азайтуға мүмкіндік береді. 

Шымкент қаласы арқылы өтетін көлік ағыны мәселесін реттеу де  аса маңызды болып табылады. Себебі, соңғы жылдары  жеке сектор құрылысының  қарқыны  артуына байланысты қала шеті бірнеше есе өскен. Бұл жерде «Азеркопу» компаниясы 7 монолиттік көпір тұрғызуда. Бұл көпірлердің конструкциясы құрастырмалы емес,  тұтас болып табылады. Осылайша, аталған құрылыстар  арқылы тұрғындардың қала шетінен орталықтағы көшелерге  жетуі жеңілдей түсетін болады.

Жалпы, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысының аймағымен өтетін учаскесінің ұзындығы  418 шақырымды құрайды,  соның 353,7 шақырымы цемент-бетонды жабынды болады. Бұл жол транзиттік автокөлік көп болуына байланысты бірінші техникалық санатқа сай келетін  4 жолақты болып салынады.  

Бүгінде  құрылыс жұмыстары  жалпы ұзындығы  239 шақырымды құрайтын 7 учаскеде жүргізілуде. Алғашқы  55 шақырым өткен жылы салынған болатын, ағымдағы жылы 142 шақырым жол құрылысын  аяқтау жоспарлануда. 

Қалған, жалпы ұзындығы  179,5 шақырымды құрайтын  Шымкент - Жамбыл облысының шекарасы  және  Шымкент - Ташкент  учаскелерінің құрылысы бойынша бүгінгі күні ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің  Автомобиль жолдары комитеті   қаржы көздерін анықтау мәселелерін қарастыруда  және конкурстық процедураларды  ұйымдастыру  жұмыстары  жүргізуде.

Аталған жобаны жүзеге асыру барысында  өңірдегі жұмыссыздық деңгейін   төмендетуге мүмкіндік туды.   Айталық, құрылыс жұмыстарына 4221 адам тартылса, солардың  3927-сі  жергілікті  тұрғындар.  Құрылыс жұмыстары барысында олардың көпшілігі зертханашы, бетон төсеу кешенінің операторы секілді жаңа мамандықтарды игерді. Бұл өз кезегінде  жол саласы мамандарының тапшылығын азайтуға септігін тигізуде.

 «Батыс  Еуропа - Батыс Қытай» магистралін қайта салу Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың  бастамасымен 2009 жылы қолға алынды.  Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі - «Ұлы Жібек жолын»  бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды Елбасы өзі ұсынған еді. Нәтижесінде көрші мемлекеттермен бірқатар меморандумдар қабылданып, жобаны  жүзеге асыру  туралы келісімге қол  жеткізілді.

Бұл жоба Қазақстан үшін еліміздің транзиттік әлеуетін іске асырумен қатар республикамыздың оңтүстігі мен батыс өңірлерінің  бір-бірімен сенімді көлік байланысын орнатуы үшін де  тартымды.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі  бұл - Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа жолы. Бұл қашықтықты аталған көлік дәлізімен жүріп өтуге  10 күн кетеді, ал темір жол арқылы жүріп өтуге 15 күн жұмсалатын болса, теңіз арқылы аталған қашықтықты жүріп өтуге бір жарым ай  уақыт (45 күн)  кетеді.

 «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық учаскесінің ұзындығы  2 787 шақырымды құрайды,  соның  2 452 шақырымын  қайта салуды қажет етеді. Қазір  құрылыс жұмыстары  4 облыста: Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстанда 34 учаске бойынша  1 621 шақырым  жолы бойында   жүргізілуде. Бүгінге  215 шақырымды құрайтын  Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда обл. шекарасы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 700 шақырым жолды тапсыру көзделуде. Қазақстандық учаскені толық аяқтау және пайдалануға беру  2015 жылға жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар