Оңтүстік Қазақстан облысында «Мигрант» операциясының барысында 176 заңсыз мигрант анықталды

деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Қарашаның 2-де басталған операцияның мақсаты - Қазақстан аумағында заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтау, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу.
«Операция басталғалы бері бір тәуліктің ішінде 2 мыңға жуық тұрғын үй және 3924 азамат тексерілді. Тексеру барысында 4 қылмыстың беті ашылды, іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды. Олардың біреуі - Өзбекстан азаматы», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Ел аумағына заңсыз кіргені, белгіленген мерзімнің аяқталғанына қарамастан ел аумағынан кетуден жалтарып жүргені және басқа да дөрекі заң бұзушылықтары үшін сот шешімімен 40 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды.
«Сондай-ақ шетелдік жұмыс күштерін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 10 жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды. Тағы 12 қазақстандыққа өздері шақырған шетелдіктерге жағдай жасамағаны үшін айып салынды», деп хабарлады баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
«Мигрант» операциясы қарашаның 11-не дейін созылады.