Оңтүстік Қазақстан облысында жолда қарақшылық жасаумен және мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Қылмыстық топ бірнеше қылмыстар жасаған, сондайдың бірі шілденің 20-сында орын алды. Тонаушылар Қызылордадан Шымкентке кетіп бара жатқан жолаушылар автобусына шабуыл жасады. «Зардап шеккендер әңгімесінен белгілі болғаны, белгісіз төрт ер азамат «ОСА» пневматикалық тапаншасынан жүргізушінің көмекшісіне бір рет оқ атып, содан кейін осы автобустың қожайыны - әйел адамды қорқыту арқылы автобус ішінде орналасқан сейф ішіндегі ақшаны ұрлап кетті. Қолдарына түскен 10 млн. теңгені алған олар, іздерін суытты», - деп хабарлады С.Шалқаров.
Екі ай ішінде тергеу органдары қылмыскерлердің жеке тұлғасын анықтап, қыркүйектің 22-сінде олардың әрқайсысын тұрғылықты жерлерінде тұтқынға алуға мүмкіндік алды. «Қарақшылардың барлығы тұтқынға алынды. Олардың екеуі бұрындары ұрлық үшін, ал екеуі тонау мен есірткінің заңсыз айналымына қатысты сотты болған», - дейді С.Шалқаров. тергеу барысында ұсталғандар өздері жасаған басқа да қылмыстарды мойындады. Белгілі болғаны, олар мал ұрлығының 9 фактісін жүзеге асырған. Жалпы алғанда шамамен 100 бас ірі қара мал ұрлап, Байдібек, Созақ аудандары мен Қызылорда облысында бірқатар ұрлықтар жасаған. Заңсыз келген ақшаны олар өзара бөлісіп отырған. Полицейлер олардың басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармай отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.