Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынан 311 жер телімі әлі сатып алынбаған
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Көлік дәлізін (Жамбыл облысы) қайта жаңарту жобасы бойынша Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
«Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынан 311 жер телімі жекеменшік сектордан әлі сатып алынған жоқ. Бұған негізгі себеп - бір жағынан заңдық құжаттар толық болмай шықса, екінші жағынан жер иелерінің бағамен келіспеушілігі орын алуда. Бұдан бөлек заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, бұндай жер телімдерін сатып алу жергілікті әкімдіктерге жүктеледі», - дейді депутаттар сауалына жауап берген Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Нұрланбек Өмірбаев.
Өз кезегінде сенатор Орынбай Рахманбердиев былтырғы жылы осы мәселе көтерілгенімен, әлі күнге бөлінген қаражаттың игерілмей жатқандығын алға тартты. «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі 200 шақырым жүруі керек. Алайда, бұл бірқатар орындарда әлі қолға алынған емес. тіпті, бір жылдың ішінде әлі күнге жер телімдерін алу мәселесі шешілмей келеді. Сондықтан, Елбасы сенім білдірген осы жобаға қадағалау болуы шарт», - дейді О. Рахманбердиев.