12:38, 24 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Оңтүстік Қазақстанда алаяқтық және мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды
ШЫМКЕНТ. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Түркістан қаласы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық және автокөлік жолдары бөлімінің лауазымды қызметкерінің үстінен «Өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Өз қызмет бабын пайдаланған ол, жолдарды күрделі жөндеуге арналған бюджет қаражатын қымқырған, сөйтіп мемлекетке 6,9 миллион теңге соманың шығынын келтірген», деп хабарлады қаржы полициясынан.
Департамент, сондай-ақ «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл іс бойынша жалған құжаттың көмегімен жеке үйдің құрылысы үшін жер телімін ресімдеген және оны кейін жеке тұлғаларға сатқан облыс тұрғыны жауапқа тартылады. Әлгі азамат өз әрекетімен мемлекетке 52,7 миллион теңге соманың шығынын келтірген.