Оңтүстік Қазақстанда XVII ғасырда айналымда болған мыс тиындар табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда салмағы 25 келі тартатын үлкен қазына табылды.
None
None

Археологтардың айтуынша, бұл мыс тиындар XVII ғасырда айналымда болған. Тиынның басым бөлігі жергілікті монета сарайында соғылыпты. Арасында Ресейде жасалғаны да бар.

«Ол Романовтар әулетінен шыққан екінші орыс патшасы Алексей Михайлович кезеңіндегі ақша», - дейді зерттеушілер. Архелогтар әрбір тиынды мұқият тазалап жатыр. Дәл мұндай мол қазына бұрын кездеспепті. XVII ғасырда соғылған тиындар бір жерге жасырылған екен. Көбінде жеңімпаз Георгийдің бейнесі мен мәскеудегі монета сарайының белгісі бар.

«Бұл ақша Орта Азия мен Қазақстанға мыс тапшы болған кезеңде әкелінуі мүмкін. Сондай-ақ Орта Азия ақшасымен қатар айналымда болған. Мұндай мол қазына Ресеймен арадағы экономикалық байланыстың болғанын дәлелдейді», - дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова.

Көне қазына Сауран қаласының аумағында көміліпті. Археологтар металл іздегіш құралдардың көмегімен тауып алған. Тиындар матаға оралған екен. Шүберектің де біраз бөлігі бұзылмай сақталған. Ғалымдарды ақшаның молдығы таң қалдырған.

«Бұл қазына талай тарихи құпияның бетін ашады», - дейді олар.

«Бұл қаланың құлдырауымен байланысты болуы керек. Тұрғындар қаладан көшкен кезде осы қазынаны көміп қалдырған сияқты. Кейін заман түзелгенде алып кетуді ойлаған. Адамдар Түркістан қаласына қарай қоныс аударған», - дейді Түркістан экспедициясының жетекшісі Ерболат Смағұлов.

Экспедиция ақшаның қалай көмілгені туралы толық мәлімет жинауға кірісті. Әзірге қазынаның ескі үйдің орнына жасырылғаны белгілі болды. Үйдің де қабырғаларын ашып, қайта құрастыру жоспарда. Археологтар осы маңнан Сауран қаласының өзге де ғимараттарын іздеп табуда. Ал тиындар облыстық музейге қойылады, деп жазады 24.kz.

Соңғы жаңалықтар