Оңтүстік Қазақстанның нұротаншылары БҚО-дағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету акциясын өткізуде
«Біз шулап акция өткізіп жатқан жоқпыз - біз тек облыстық БАҚ беттеріне хабарландыру бердік. Сол хабарландыруға елең еткен азаматтар дәрі-дәрмек, жылы киімдер мен ақшаларын әкелуде», - дейді «Нұр Отан» ХДП оңтүстікқазақстандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібеков. Ол сонымен қатар бір апта ішінде партияның барлық аудандық және қалалық филиалдары да азаматтар жеткізетін көмекті қабылдайтынын атап өтті. Осыдан кейін партия мүшелері көлік ұйымдастырып, барлық жиналған қайырымдылық көмекті зәру жандарға жібереді.
Бүгін, акцияның бірінші күні - осының өзінде оған ұйымдардың, оқу орындарының ұжымдары, жеке азаматтар белсене атсалысуда. «Мәселен, Сайрам ауданынан 10 қап ұн жеткізілді, педагогикалық университеттің ұжымы өздерінің бір күндік жалақысы - 100 мың теңгені аударды. Өз кезегінде 200 мың теңге қаражатты біздің аймақтағы партияның жұмыскерлері де есепшотқа аударып қойды», - деді Ұ.Сәдібеков.