17:53, 30 Шілде 2015 | GMT +5
Оңтүстіккореялық оқушы информатикадан халықаралық олимпиадада абсолютті нәтижеге қол жеткізді
АЛМАТЫ. ҚазАқарат - Бүгін Алматыда информатикадан өтіп жатқан халықаралық олимпиадада соңғы екінші тур аяқталды. Екі турдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Кореядан келген оқушы Джи Хак Юн абсолютті нәтижеге қол жеткізіп, алтын медальға ие болды.

Ол берілген алты тапсырманың әрқайсысы бойынша ең жоғары 100 баллдан жинап, қорытынды есеп бойынша 600 баллға ие болды. Екінші орында ресейлік дарын Михаил Ипатов, оның нәтижесі - 561 балл. Үшінші орында АҚШ-тан кеген Эндрю Хе. Ол 555 балл жинады. Қытайлық Юхао Ду 551 баллмен төртінші орынға шықты. Айта кетелік, күміс медальдарға қол жеткізген қазақстандық оқушылар Бекжан Бекболатұлы, Мейрамбек Өмірзақ және Назарбек Алтыбай 33, 35 және 41-ші орындарды иеленді. Ал қола медальға ие болған Данияр Маминов 83-ші орынға жайғасты.