Оңтүстікте мақташыларды қаржылай қолдауға 1 млрд. теңге бөлінеді
Осыған орай, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер биыл 8 пайыз жылдық үстемемен 12 айға 13 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Шағын несиелер кәсіпкерлерге жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш, шаруашылық материалы мен құрал-жабдық, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сатып алу секілді қажеттіліктерге бөлінеді. Бұл ретте несие алушылар төлемге қабілетті, қаржылық жағдайы тұрақты және өзге де банк алдында берешегі болмауы тиіс.
«Дегенмен, мақташыларды мазалап отырған маңызды мәселе - мақтаның бағасы. Олардың айтуынша, «ақ алтынды» өсіруге кеткен шығындарды өтеу әзірге мүмкін болмай отыр. Мақтаның бағасы нарықтағы жағдайға тәуелді болатындықтан, былтыр оның келісі 70-80 теңге төңірегінде болса, алдыңғы жылдары 100 теңгеге жеткен болатын. Диқандар «Агробизнес 2020» бағдарламасы қабылданса, онда көптеген проблемалар шешімін табады деген сенімде», - делінген баспасөз хабарламасында.