Оңтүстіктегі үш облыста жалпы алаңы 0,3 гектар болатын 6 есірткі плантациясы анықталды - ҚР ІІМ

«Көкнәр» ауқымды операциясын жүргізуге «Арлан» арнайы бөлімі мен «Бүркіт» Ұлттық ұланының қосымша күштері тартылды. Операция басталғаннан бері 2 ай ішінде 560 есірткі қылмысы тіркелді. Заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 6 тонна 795 келі заңсыз өсірілген марихуана тәркіленді. Дайындалған жерлерде қарасора шабуға арналған құралдар, автокөліктер алынды», - деді департамент басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары құмды жерлерде есірткі тұқымдас өсімдіктерді заңсыз өсіру плантацияларын анықтауға ерекше назар аударылып келеді.
«Есірткі саудасынан пайда түсіру үшін қылмыскерлер неше түрлі қулықтар жасайды. Шалғай жерлерде қарасора өсіріп, қылмыскерлер құқық қорғау органдарының қолына түспейміз деп ойлаған. Олар уақытша лапастар тұрғызып, автономдық электр көздерін қолдана отырып, плантацияны суаруды ұйымдастырған, плантацияның тәулік бойы күзетілуін қамтамасыз еткен. Бүгінгі күні Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жалпы алаңы 0,3 гектар болатын 11 егістікте 6 есірткі плантациясы анықталды», - дейді Сұлтан Күсетов.
Оның сөзіне қарағанда, арнайы шара барысында 10 мыңнан аса түп қарасора өсімдігі және апиын көкнәрінің 2272 түбі жойылды. Қызылорда облысында жүргізілген екі операция барысында Шиелі және Арал аудандарында қарасора егілген 6 егістік анықталып, 4237 түп өсімдік жойылған. Алынған құрамында есірткі бар өсімдіктің жалпы салмағы 4 тонна 83 келіні құраған.
«4 жергілікті тұрғын ұсталды. Заңсыз егісті ұйымдастырушылар плантацияларда мамыр айынан бастап, алдын ала тамақпен қамтамасыз етіліп, су шығаратын 4 сорғы орналастырған. Тінту кезінде суару жүйесі ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылық құралдары, соның ішінде тыңайтқыштар табылды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында Төле би және Сайрам аудандарында қарасора өсірудің 2 фактісі, Сарыағаш ауылында апиын көкнәрін өсіру фактісі анықталды. Құрамында есірткі бар өсімдікті ауыл шаруашылық егістері арасына жасырын өсірген. Заңсыз өсірілген 6518 түп есірткілік шөп жойылды. Бұл өңірде құрамында есірткі бар өсімдіктің жалпы салмағы - 926 келіні құрады. Ал Жамбыл облысында Тараз қаласының маңындағы саяжай кентінің аумағында және Байзақ ауданының Сарыкемер ауылынан 110 шақырымдағы құм арасында қарасора өсірудің 2 фактісі анықталды. Тәркіленген қарасораның жалпы салмағы - 1 870 келіні құрады», - деді департамент басшысы С. Күсетов.