12:42, 22 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Орал-Бузулук автожолы бойында екіжақты бақылау-өткізу бекеті жұмыс жасай бастады
ОРАЛ. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Автокөпірдің қалпына келтіріліп, жолдың жөнделуіне байланысты Орал-Бузулук автожолы бойында екіжақты бақылау-өткізу бекеті жұмыс жасай бастады, бұл Ресейдің өнеркәсібі дамыған аймақтарымен байланысты жақсарта түсті.

Облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, жаңа автобекетте көлік жүретін сегіз жолақ бар, қосымша техникалық құралдар орнатылған. Жүкті тексеретін екі «Хайскан» рентген жүйесі, «Янтарь 1 А» стационарлық радиациялық жүйесі, қос металлдетектор, екі электронды автомобиль таразы қызмет етеді.
Бұл - Батыс Қазақстандағы ең жақсы жабдықталған автобекет. Бұдан бұрын «Шаған» бірыңғай автомобиль өткізу бекеті іске қосылған болатын. Облыстық департамент «Шағанға» көпжақты бекет мәртебесін беріп, ондағы қызметкерлер санын 12-ден 30-ға жеткізу мәселесін қойып отыр.