Орал газтурбиналық электр стансасы толық қуатында жұмыс жасап тұр
«Орал газтурбиналық стансасы» ЖШС-ның директоры Ғалымжан Ілиясовтің айтуынша, күні бүгінге дейін станса 581,17 млн. кВт электр қуатын, яғни жобалық қуаттың 87,5 пайызын өндірді. Станса салынған кезде құрылысқа 125 адам тартылса, қазір онда 48 жұмысшы тұрақты жұмыс істейді.
Орал газ турбиналық электр стансасының іске қосылуына орай Ресейден тасымалданатын электр қуатының мөлшері азайды. Соған сәйкес тұтынушыларға берілетін электр қуатының бағасы төмендеді. Мысалы, Маңғыстау облысынан алынатын электр қуатының өзіндік құны 11,2 теңгеге түссе, Ресейден келетін электр қуаты 12 теңгеден жоғарыға шығады, ал қазір Орал электр стансасында өндірілетін қуаттың бағасы 7,7 теңгеден берілуде. Әрине, бұған «Батыс энергоресурсы» компаниясының үстемесі қосылады, сондықтан тұтынушыларға электр қуаты 15 теңгеден жоғары бағамен беріледі.
Станса жұмысын басқару орнында үш турбоагрегат компьютермен басқарылады. Мұнда ауысымына 4 маман жұмыс істейді. Кезекші электр монтер электр қуатының көрсеткіштерін және өндірілуін қадағалайды, қуатқа тапсырыс берушілерді қарайды, оператор барлық турбинаны басқарады, қажетіне қарай олардың қуатын арттырады немесе кемітеді, апатты жағдайларды болжап, олардың алдын алуға қам жасайды, бар құрал-жабдықтағы параметрлердің сәл-пәл өзгерісі онлайн тәртібімен операторға түсіп отырады. Механик-бақылаушы маман жабдықтардың жұмыс үрдісін бақылайды. Ауысым басшысы газ турбиналық стансаның жұмысына толығымен жауап береді.
Бүгінде станса сағатына 37 МВт электр қуатын өндіруде. Құрал-жабдықтар, турбиналар Ресейден алынған. Айта кетерлігі, кезінде бұл станса шетелдік мамандардың көмегінсіз, толығымен жергілікті кадрлардың күшімен салынды. Іс жүзінде сенімді ақтаған жабдықтар болғандықтан, бүкіл станса жұмысын 4-ақ адам ұршықтай үйіріп отыр. Құрал-жабдығы ескі, сағатына 46 МВт қуат өндіретін Орал жылу-қуат орталығымен салыстырғанда газтурбиналық стансада жұмыс күші әлдеқайда үнемделеді.
-Жазғы мезгілдерде кешкі сағат онға дейін электр қуаты аз пайдаланылады. Қуатқа қажеттілік болған жағдайда, оны қосымша үстемелеп босата аламыз. Оны бұрынғыдай Ресейден сұратудың жөні жоқ. Ауа райының ең ыстық күндерінде 39 МВт, ал суық күндері 42 МВт, кейде 46 МВт қуат босатады. Орал газтурбиналық электр стансасы үшін басты екі түйткіл бар. Оның біріншісі газ бағасының үнемі өсуі, рентабельділікке әсер етеді. Жасалған меморандум бойынша 2011 жылдан 2015 жылға дейін Шынар мұнайгаз конденсаты кен орнын игеріп жатқан «Жайықмұнай» ЖШС компаниясы біздің стансаға газды тұрақты бағамен босатуға міндеттенген болатын. Мұның өзі электр қуаты бағасын тұрақтандыру мақсатын көздегені белгілі. Алайда биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап компания жергілікті арзан газбен қамтуды «ұмытты». Сол себептен қазір газды қымбатқа сатып алып, шығынға жұмыс істеудеміз. «Жайықмұнай» басшылығы меморандумда газбен қамту мерзімінің нақты уақыты қойылмағанын, станса жобасы қалыптаса бастаған 2008 жылды есепке алып, 2013 жылы газбен қамту мерзімі аяқталғанын желеу етеді. Екіншісі - жылу қуатын босату мәселесі. Орал қаласы да, «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіпорны да біздің стансада өндірілетін жылуды алғысы келгенмен, әлі күнге сол жылуды алуға деген нақты ұмтылыс пен іс-әрекетті көріп отырғанымыз жоқ, - деді «Орал газтурбиналық стансасы» ЖШС-ның директоры Ғалымжан Ілиясов.