Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағы кеңейтілетін болады

Саябақ директоры Әбілқайыр Әмірбаевтың айтуынша, Шаған өзенінің арғы бетіндегі қосымша аумақ 27 гектарды құрайды. Оған қазір салынып жатқан, алдағы көктемде бітуі тиіс көпір арқылы баруға болады. Жаңа аумақта жолдар, аллеялар салынады, кафе, бутиктер құрылысы да қарастырылған. Ойын автоматтары, аттракцион, көңіл көтеріп, демалатын басқа да орындар болмақ. Қазірдің өзінде жобалау-сметалық құжаттамасы жасалған. Құрылысқа демеушілердің көмегімен 160 млн. теңге бөлінген.
Қазіргі кезде саябақты көгалдандыру мен абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Төртінші жылдан бері мұнда Елбасы еккен шырша өсіп тұр. Саябаққа көрік қосатын қылқан жапырақты ағаштар, сондай-ақ қайың, емен өсіруге қала тұрғындары да үлес қоса алады. «Көшеттер алуға келісім жасалған, жас тал-теректер отырғызылатын аллея үшін арнайы жер де бөлінген», дейді Ә.Әмірбаев.