17:50, 31 Наурыз 2010 | GMT +5
Орал қаласы төңірегіндегі саяжайларды су басады
ОРАЛ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласы төңірегінде, Шаған, Деркөл және Жайық өзендері жайылмаларында орналасқан саяжайларды су басады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің аға маманы Дәмет Жұмағұлованың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, саяжайлардағы үйлерде 912 отбасы немесе 2 мыңнан астам тұрғын мекендейді. Оларға бұл баспаналарда тұруға болмайтыны жөнінде ескертіліп, түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Шаған және Деркөл өзендерінің бастауында қардың қалыңдығы соншалық, оның қоры 140 пайызды құрайды. Сол себепті Шағанның деңгейі қалыптағы 869 сантиметрден 1010 сантиметрге, Деркөл 487 сантиметрден 510 сантиметрге дейін көтеріледі. Ал Жайықта тасыған кездегі қалыпты су деңгейі 574 сантиметр болса, мұндағы су болжам бойынша 550-650 сантиметрге дейін жетпек.