Орал қаласында бірнеше білім нысаны бой көтеруде
Қала әкімі Самиғолла Оразовтың айтуынша, «Астана» шағынауданында 80 орындық интернатымен 600 оқушыға арналған тұңғыш Президентіміздің атындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің құрылысы басталды. Тапсырыс беруші - Білім және ғылым министрлігі, мектеп құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде Самал көшесі бойында республикалық бюджеттен түскен 544 млн. теңгеге 320 орындық балабақша салынуда. Осы ауданда «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен 1200 орындық мектеп пен 320 орындық тағы бір балабақша құрылысы басталмақ. Облыс бюджеті есебінен Желаев кентінде 140 орындық балабақша құрылысы және басталды. Деркөл кентіндегі №12 мектеп пен «Колокольчик» балабақшасын, Круглоозерный мектебін күрделі жөндеу қарастырылуда. Бастауыш сыныптағы балалардың ыстық тамағы үшін 206 млн. теңге бөлінді.
2010 жылы 474 млн. теңгеге 2 мектеп, 4 балабақша және «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы күрделі жөндеуден өтті. Олардың ішінде «Жол картасы» бағдарламасы бойынша №1 мектеп пен №3 «Елочка» балабақшасы жөнделді, №43 мектептің ғимаратына қосымша спорт залын салу аяқталды. Д.Қонаев атындағы шағынауданда «ҚПО б.в.» компаниясының инвестициясы есебінен 280 орындық балабақша салынды.
Мемлекеттік балабақшалардан басқа 175 орындық 3 жеке балабақша ашылды.
«2007 жылдан бері балабақшадан орын алуға кезекте 6263 сәби тұрды. Оларды қамту үшін 2007 жылдан бері жалпы саны 3840 орындық 14 балабақша, 23 шағын орталық және 3 жеке балабақша ашылып, мәселе шешілген сияқты болды. Ал қазір, бір қуанышты жағдай, 10 070 бала кезекте тұр. Балабақшаға кезекте тұрушылардың көбею себебі - дүниеге келген балалар санының өсуі және халықтың балабақшадан орын алуға толық мүмкіндік бар екеніне көздері жеткені (2007 жылдан 2011 жылға дейін 18159 бала дүниеге келген, жыл сайынғы өсуі - 7-8 пайыз). Егер республика бойынша балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 30 пайыздан 55 пайызға жеткен болса, біздің қаламызда балабақшалармен қамту 76 пайызды құрап отыр» - деді С.Оразов.