Орал қаласында кәсіпкерлердің қоғамдық кеңесі құрылды

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл кеңес билік пен бизнестің арасындағы ашық әңгіме алаңына айналуы тиіс. «Облыстағы кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігінің қалада орналасқандығын ескеріп, осындай ұйғарымға келдік. Кеңестің міндеті - кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін әкімшілік кедергілерді азайту, кәсіппен шұғылдануға қолайлы орта қалыптастыру және орта, шағын бизнестің жергілікті аймақтық жалпы өнімдегі үлес салмағын арттыру болып табылады», деді қала басшысы.
Қоғамдық кеңестің тең төрағалығына облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Әнес Ізтелеуов және кеңестің жұмыс органы сайланды.
Өткен жылы Оралда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жалпы құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын 84 жоба іске асырылған, жаңадан 800 жұмыс орны ашылған. Биыл жыл басынан бері құны 2,2 млрд. теңгенің 18 жобасы қолға алынған.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мұрат Мұқаевтың сөзіне қарағанда, 2013 жылдың 1 наурызына Орал қаласында 25215 шағын бизнес нысаны тіркелген, соның 3640-ы заңды тұлға, қалғаны жеке тұлға. Оларда 37 мыңға жуық тұрғын еңбек етеді. Шаруашылық нысандарының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,2 пайызға өскен. Шағын бизнес өндірген өнім көлемі 30 434,7 млн. теңгені құраған. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша Батыс Қазақстан облысының аймақтық үйлестіру кеңесі «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қаладан 29 жобаны мақұлдаған. Сөйтіп, жаңадан 401 жұмыс орны ашылған.
Аталмыш қоғамдық кеңес осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі ширату, атқарушы билік органы мен бизнес арасында тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында құрылып отыр.