Орал қаласында ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі XIII отырысы аясында шаралар басталды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды тиімді жоспарлау және оның мониторингі» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесінде консультативтік-кеңестік органдардың рөлі мен орындары» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізілді. Онда ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің хатшысы Айдын Абай, сарапшылар Александра Казакова, Андрей Емелин жастар саясатын жүргізудегі өзекті мәселелерді талқыға салды. Семинар-тренингке облыстардан келген қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, жастар саясаты жөніндегі облыстық басқармалар басшылары, ішкі саясат бөлімі, жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, өз пікірлерін жеткізді.
Ертең облыстық қазақ драма театрында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің жауапты хатшысы Салауат Дембайдың қатысуымен кеңестің көшпелі отырысы өтеді. Онда жастарды баспанамен қамту мәселесі талқыланбақшы.
Жиынға қатысушылар сондай-ақ Зеленов ауданында ауыл жастарымен кездеспекші. Оралда жұмысшы және шығармашылық жастармен жүздесу де жоспарланған.