Орал қаласында офицерлер балы өткізілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлер Батыс құрамасы басшылығы ұйымдастырған мерекелік кешке Батыс Қазақстан облысы құқық қорғау органдарының басшылары мен Орал гарнизонына қарасты әскери бөлім офицерлері, Ұлы Отан соғысының, ішкі және шекара әскерлерінің ардагерлері шақырылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев әскери қызметкерлерді Жеңістің 65 жылдық мерейтойымен құттықтап, бір топ сардарға алғысхат табыс етті. Сондай-ақ Батыс құрамасының командирі Бауыржан Әбжанов айтулы мерекеге орай мінсіз қызметімен ерекшеленген әскерилерге ризалығын білдіріп, олардың кеудесіне «Қайсар» төсбелгісін тақты.
Жеңіс күнін жұбайларымен бірге қарсы алған офицерлер сол күні «Парк-Отель» мейрамханасын әсем ән мен әдемі тілектерге толтырды. Офицерлер балы өңірде осымен екінші рет өткізіліп отыр.