Орал қаласында тұрғын үй салу жұмыстары жалғасуда

Орал қаласы құрылыс бөлімінің бастығы Қуаныш Мұхаметқалиұлының айтуынша, соңғы үш жылда Оралда мемлекеттік қаржы есебінен жалпы алаңы 222,9 мың шаршы метр 35 көппәтерлік үй бой көтерсе, 2008-2009 жылдары 74,5 мың шаршы метр 10 көпәтерлі үй пайдалануға берілген болатын. Биылғы алты айда қаланың «Солтүстік-шығыс» шағынауданында жалпы аумағы 15,1 мың шаршы метр тоғыз қабатты 240 пәтерлік үй іске қосылса, республикалық бюджет есебінен жыл аяғына дейін тағы 12,6 мың шаршы метр тұрғын үйді салып бітіру көзделіп отыр. Соның ішінде 4,4 мың шаршы метр жалгерлік, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 8,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Құрылыспен қатар абаттандыру жұмыстары да қатар қолға алынуда. Мәселен, «Жаңа орда» шағынауданында 90 пәтерлік (мердігері «Тоби» ЖШС) және 72 пәтерлік («БатысЖолҚұрылыс» ЖШС) үй аумағы абаттандырылса, Круглоозерный кентіндегі жаңа үйлерге электр жарығы тартылды. Сондай-ақ «Жол картасына» сәйкес қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде Самал көшесі бойындағы көпқабатты үйлерді сумен қамту жұмыстары жүргізілді (мердігері «МАЕРГ Строймонтаж» ЖШС). «ПМК-117» ЖШС атқарып жатқан Деркөл ауылындағы кәріз құрылысының бірінші кезеңі де біту қарсаңында.