09:03, 10 Қараша 2012 | GMT +5
Орал қаласында үш бірдей спорт алаңы ашылды
ОРАЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат - Орал қаласының Зачаган кентінде, Гагарин көшесі ½ мекенжайында және «Жаңа орда» шағынауданында әмбебап спорт алаңдары ашылды.
Жаңа нысандар спорттық құрылымдар жүйесін дамытудың аймақтық бағдарламасына сәйкес салынған. Қалалық спорт бөлімінің бастығы Азамат Нұрмұхамбетовтің айтуынша, жақсы спорт алаңынсыз дене шынықтырумен айналысу мүмкін емес. Спорт нысандарын салуға мердігер ұйым «НефтеГазХимРеагент» ЖШС ерекше еңбек сіңірді.
Спорт алаңдарына арнайы синтетикалық жабын төселген.Мұнда волейбол, шағын футбол, сондай-ақ баскетбол, стритбол, гандбол ойнауға болады. Қыс кезінде мұз айдыны ретінде пайдалана алады. Сөйтіп балалар қысы-жазы спортпен айналыса алады. Таяуда спорт құралдарын прокатқа беретін орындар да ашылмақ.
Жалпы, алдағы жылы осындай он төрт спорт алаңын іске қосу жоспарланып отыр.