Орал қаласының бюджеті 4,3 млрд. теңгеге көбейіп, 21,8 млрд. теңгеге жетті - А.Көлгінов, қала әкімі

ОРАЛ. 5 шілде. ҚазАқпарат - Орал қалалық мәслихатының 5 шілде күнгі сессиясында шаһар бюджеті нақтыланды. Сонымен қатар Орал қалалық мәслихатының хатшысы қызметін осыған дейін атқарып келген Абат Шыныбековтің Сырым ауданының әкімі болып тағайындалуына байланысты Марс Сатыбалдиев хатшы болып сайланды.
None
None

Облыс орталығы бюджетінің нақтылануына байланысты қаржының қайда бөлінетіні, даму бағыттары жөнінде Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов былайша әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, қала бюджеті республикалық және облыстық бюджет трансферттері мен қала түсімдерін есептегенде 4,3 млрд. теңгеге көбейіп, 21,8 млрд. теңгеге жетті.

Айта кететін жайт, қала бюджеті негізінен әлеуметтік бағытта. Қала бюджетінің 42 пайызға жуығы әлеуметтік саланы қамтамасыз етеді, соның ішінде 37 пайызы немесе 8 млрд. тенге қала мектептері мен балабақшаларын күтіп-ұстауға жұмсалады. Жыл сайын білім беру сапасы жақсарып, осы сала нысандарының материалдық базалары нығаюда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ҰБТ қорытындысы бойынша облыстық маңыздағы қалалар арасында Орал қаласы Қостанай мен Ақтөбеден кейін үшінші орынға ие болды.

Құрылыс саласына қалалық бюджеттің 28 пайызы жұмсалып отыр (6,19 млрд. теңге), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 17,5 пайыз (3,8 млрд. теңге) және басқа да салаларға қаражат қарастырылады.

Қала бюджетінің жалпы сомасынан 7,6 млрд. теңге даму бюджетіне жұмсалады, осы қаражат шеңберінде биыл 7 бес қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, келесі жылы салынатын 8 бес қабатты тұрғын үйдің құрылысына әзірлік жасалады. Бұл жұмыстар да әлеуметтік бағытта, өйткені бұл үйлер қала тұрғындарының игілігі үшін қызмет жасайтын жас отбасылар мен кезекте тұрған жас мамандарға беріледі.

Қала бойынша салынған үйлерді қажетті коммуникация желілерімен қамтамасыз ету үшін биыл және келесі жылы 58 шақырым су құбырлары, 15 шақырымнан астам кәріз құбырлары, 6,3 шақырым жылумен қамту, 61,3 шақырым газбен қамту және 84,9 шақырым электр желілері іске қосылады.

Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламалары аясында ұзындығы 17,9 шақырым жұмыс жасап тұрған желілерге қайта құру жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі таңда қаладағы кәріздік жүйелердің жағдайы қатты алаңдатып отыр, өйткені олардың 70 пайыздан астамы әбден тозығы жеткен. Әбілхайыр хан даңғылы, Евразия даңғылы мен Жәңгір хан көшесінде апатты жағдайлар орын алғаны мәлім. Бюджетті нақтылау кезінде Жәңгір хан көшесіндегі қысымдық коллектордың 1,8 шақырымын, Есқалиев көшесіндегі кәріздің 1,05 шақырымын және Евразия даңғылындағы №2 жылыту торабының 2,9 шақырымын қайта жабдықтау үшін республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Биылғы жылы аталған жүйелер жөнделетін болады.

Сонымен бірге қаладағы лифт шаруашылығы мәселелері ұмыт қалмайды. «Горлифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің теңгерімінде 229 лифт бар. Бұл мекеменің несиелік бережақтары бар. Қазіргі монополияға қарсы заңнамаға сәйкес «Горлифт» ЖШС бәсекелестік ортаға берілуі қажет. Бәсекелестік орта бар болған жағдайда мемлекет мұндай шаруашылықты басқаруға құқы жоқ

Қаланы абаттандыру және оның тазалығын қамтамасыз ету басты мәселе болып қала береді. Қаладағы тазалықты сақтау үшін арнайы техника мен қоқыс жинайтын еуроконтейнерлер алынады. Қаланың коммуналдық қызметтерінің ырғақты жұмыс жасаулары мақсатында тиісті өзгерістер еңгізіледі. Сонымен қатар әр кезеңде жол пайдалану мекемесінің автомобиль паркін жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта қала тұрғындарымен тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін келісімшарттар жасалуда, күні бүгінге 159 мың адаммен келісімшарт жасалды.

Орал қаласының көшелеріндегі жол мәселесі де мәз емес. Күні бүгін қаланың 36 көше жолына жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Соның ішінде инвесторлардың әлеуметтік жобалар аясында Тайманов, Алмазов, Чагано-Набережная және Садовая көшелеріне (жалпы ұзындығы 2,4 шақырым) күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар мемлекуеттік бағдарламаларға сәйкес көп жылдан бері жөнделмеген Круглоозерное ауылындағы Комсомол көшесіне (ұзындығы 1,8 шақырым) орта жөндеу жүргізіледі, ұзындығы 6,5 шақырым Желаев трассасын, Конькин көшесін қайта түзеу үшін құжаттамалар дайындалуда.

Бюджетті нақтылау кезінде облыстық және қалалық бюджет қаржыларынан Карев көшесінің (2,6 шақырым), С.Датов көшесінің (3,8 шм), Шолохов көшесінің (4,6 шм) және Петровский көшесінің (1,1 шм) жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделуде. Сондай-ақ, Құсайынов көшесінің (0,9 шм), Гагарин көшесінің (1,5 шм) жөндеу жұмыстары басталып, биыл мәресіне жетеді. Келесі жылы қаланың 8 көшесіне жөндеу жүргізуге, соның ішінде Желаев кентіндегі Шоссейная көшесін қайта жабдықтауға жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін ұсынылған жобалар қолдау тапты.

Тұрғын үй құрылысының дамуы қала тұрғындарын қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Осыған байланысты қазіргі таңда Зашаған ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын қалалық емхана, Деркөл ауылында ауысымына 75 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылыстары жүргізілуде. Аталған нысандар биыл пайдалануға беріледі.

Білім беру саласында алдағы екі жылда Зашаған кентінде бірі 1200 орындық, екіншісі 600 орындық екі мектеп, Деркөл кентінде 770 орындық мектеп және Зашаған кентінде, Желаев ауылы мен Круглоозерное кентінде, Серебряков ауылында балабақшалар салынады. Круглоозерное кентіндегі мектеп күрделі жөндеуден өтеді, қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысына салынып жатқан 350 орындық балабақша пайдалануға беріледі.

Басты мақсат - бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының белсенді қатысуымен «Өңірлік даму», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламалары аясында аталған жобаларды жүзеге асыру. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, мердігерлік жұмыстардың көлемін ұлғайтуға және қаланың салық базасын ұлғайтуға зор мүмкіндік береді.

Оқу жылы басталғанға дейін қаланың тұрғын аулаларында 14 спорттық алаң құрылысы аяқталады, ол қала орталығындағы, сондай-ақ Зашаған кенті мен Желаев ауылындағы аулалар тұрғындары мен балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуге септігін тигізеді. Сондай-ақ Стелла аумағындағы жағалаудың, Зашаған кентіндегі саябақ, Д.Нұрпейісова атындағы саябақ және Деркөл кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстарын аяқтау қала тұрғындарының қажеттілігі үшін маңызды мәселе болып табылады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы аталған жұмыстарды биылғы жылы аяқтау қажеттігін міндет етіп қойып отыр.

«Мұның барлығы жергілікті атқарушы органдардың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі болмақ. Алдымызда одан да көлемді жұмыстар тұр», деді А.Көлгінов.

Соңғы жаңалықтар
Референдум