Орал қаласының тұрғыны К.Дарбаева жүз жасқа толды
Кәкима Қартбайқызы осыдан жүз жыл бұрын Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылында дүниеге келген. Отбасында үш ағасы, екі апасы, бір сіңлісі, барлығы жеті бала болған. Алты жасында әкесі дүниеден озып, анасы Алмаш Орынбор облысына көшеді. Первомай ауылында Кәкима Қуандық деген жігітпен бас қосып, одан он құрсақ көтереді. Бүгінде соның бесеуі дін аман.
Бүгінде бес баласынан 17 немере-жиен, 20 шөбере көріп отырған әжей өзін әлі тың сезінеді. «Менің ұзақ жасауымның сыры еңбек деп білемін. Ерім майданға кетіп, Ұлы Отан соғысының қиындығын да көрдік. Тұтқынға түсіп, елге оралған Қуандықтың денсаулығы сыр беріп, 1973 жылы дүниеден озды. Өзім соғыс кезінде сауыншы да болдым, аспаз да болдым, тракторға да отырдым. Киім тігіп, көрпе-жастық жасап, ісмерлікпен де айналыстым. Тіпті үйімді де тұрғызып алдым. Жүзге келгенше, ауруханаға түсіп көрмеппін. Әйтеуір ешкімге жамандық жасағаным жоқ», дейді кейуана.