Оралда 1,5 млн. теңгені иемденіп кеткен азаматша сотталды
Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған азаматша екінші деңгейдегі банктердің бірінде қызмет атқара жүріп, сенімхат бойынша «Ақжайық СК» ЖШС қызметкерлерінің атына дайындалған 7 пластикалық кәртішкелерін, соның ішінде жұмыстан шығу туралы арыз жазып қойған А.Беркишевтің атына дайындалған кәртішкені де алған. Сосын А.Беркішевтің атына берілген, ПИН-коды туралы мәліметі бар банкомат кәртішкесін конвертімен өзіне қалдырып, 2008 жылғы шілде мен қараша аралығында К.Сафкелина өзінің карт-шотына және А.Беркишевтің карт-шотына жалпы сомасы 1,5 млн. теңгеден астам ақша қаражатын аударған. Кейіннен оны Орал қаласының түрлі банктерінен алып, өзінің жеке қажетіне жұмсаған.
Орал қалалық соты К.Сафкелинаны ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі «б» тармағы бойынша (өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе рәсуалау) кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге үш жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясына өтеуге үкім етті. Сондай-ақ «Ақжайық СК» ЖШС пайдасына 1,5 млн. теңге өндірілді.