Оралда абаттандыру, көше жолдарын, желілерді жөндеуге айрықша көңіл бөлініп келеді

Қала әкімі Самиғолла Оразовтың айтуынша, биыл Оралдың 19 көшесін жаңғыртуға 2,567 млрд. теңге бөлінген болатын. Жолдары жаңғыртылған аумақтың ішінде Кеңдала, Болашақ сынды қаланың шеткері аудандары да бар. Сондай-ақ қалада 67 көше ағымдағы жөндеуден өткізілген. Бұл жұмыстарды мердігер ұйым «Орал Құрылыс Жөндеу Сервис» МКК атқаруда. Жарты жыл ішінде қаладағы 657 бағдаршам мен 235 жол белгілері ауыстырылған. Сонымен қатар көптеген жылу және су құбырлары жаңартылған.
Соңғы кезде қалада ұлттық салт-дәстүрімізге сәйкес мүсіндік бейнелер лайықты орындарын таба бастады. Лұқпан Өтебәлиев басшылық ететін «Жасыл қала» МКК қаланы көгалдандырумен дендеп айналысса, сәулетші Дмитрий Баймұқашев жануарлар мүсінін жасап шығарды. Мәселен, құлынды бие бейнеленген атарба Х.Есенжанов пен М.Шолохов көшелерінің қиылысында орналасса, құйрық қауырсыны табиғи гүлмен көмкерілген тауыстар да алыстан көз тартады. Қалаға осындай мүсіндер қоюға елімізге танымал сәнгер Ақкенже Девятко да атсалысуда.
Қаланың жасыл желегін баптап-күтумен айналысатын аталмыш кәсіпорынға «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 250 студент қолғабыс берді. Сондай-ақ қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 120 адам қосылды.
Көшелерін гүл көмкеріп, алаңдарында субұрқақтар атқылаған Орал қаласы әдемі шаһарға айналып келеді.