Оралда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы талқыланды
Аймақтық семинарды облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен кіріспе сөзбен ашты. Бұдан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев сөз алып, бағдарлама жобасын жиылғандар назарына слайдтар арқылы ұғынықты түрде түсіндірді. «Ауыл шаруашылығын шұғыл түрде биік белестерге көтеру Елбасымыздың Жолдауларында ұдайы айтылады. Сондықтан, біздің министрлік осыдан жарты жыл бұрын агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасын жасақтады. Неге? Себебі, әлемдегі түбірлі өзгерістер біздің салаға да әсерін тигізуде. Уақыт көшінен қалмауымыз қажет. Жаңа бағдарлама осындай қажеттіліктен туды. Өткен аптада бағдарлама жобасын Үкімет отырысына шығардық. Үкімет басшысы Серік Ахметов жалпы қолдады және өңірлерге барып талқылауды тапсырды. Келісіп пішкен тонның келте болмайтыны белгілі. Осындай талқылауларды әр облыста өткізіп, ұсыныс-пікірлерді тыңдап, ой елегінен өткізіп, елеп-екшеп бағдарламаға енгізіп, жыл аяғында оны Үкіметке бекітуге жолдайтын боламыз», - деді Марат Еркінұлы.
Бағдарламаны жасақтауға тағы бір себеп - қазіргі уақытта әлемдік аграрлық экономика мен демографияның жаңа үрдістері қалыптасуда, өңірдегі ықпалдастыру процестері нақты дами бастады, жаһандық климаттық өзгерістер болуда. Қазақстан Кеден одағына кірді, таяу кезеңде Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі жоспарлануда. Алайда, саладағы еңбек өнімділігінің төмен деңгейі, пайдаланылатын технологиялардың жетілмегендігі, өндірістің ұсақ тауарлы болуы ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды негізде жүргізуге, материалдық, еңбек және басқа ресурстарды неғұрлым толық пайдалануды қамтамасыз етуге, экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік бермейді. Осы факторлар отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, бұл ДСҰ мен КО жағдайларында шетелдің өнім импортының басым болуына, жергілікті өндірушілерді өткізу нарықтарынан ығыстыруға әкелуі мүмкін.
Вице-министрдің айтуынша, ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасының бұрынғы құжаттардан ең басты айырмашылығы - министрлік, жергілікті әкімдіктер, жалпы атқарушы орган атаулы бұдан былай бизнестің ішкі тірлігіне мүлде қол сұқпайтын болады. Басты назар агробизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызуға аударылмақ. «Бұрын министрлік, жергілікті әкімдіктер сіздерден, яғни шаруа адамынан қанша малың, егістігің бар, қанша тонна бидай жинадың, ет пен сүт алдың деп міндетті түрде есеп алып отыратынбыз. Ол тіпті жоспарлы іске, негізсіз науқанға айналды. Жаңа бағдарламада олардың бәрін жойдық. Бір сөзбен айтқанда, бірде-бір әкімдік шаруаға мынадай тонна ет, сүт өндір деп тапсырма бере алмайды. Әкімшіл-әміршіл жүйе болмайды» - деді Марат Толыбаев.
Министрлік шаруа адамының еңсесін көтерудің басты төрт бағытын ұсынып отыр. Біріншісі - қаржылық сауықтыру, яғни шаруаның мойнындағы бұрынғы қарыздар қайта құрылымдалады. Ол үшін 300 млрд. теңге Үкіметтен бөлініп, қаржы екінші деңгейлі банктерге келіп түседі. Қарызы бар шаруа енді банкпен бірлесе отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарызын 15 жылға қайта құрылымдауға өтініш жазады. Жылдық пайызы өте төмен, бар болғаны 5-ақ пайыз болады деп күтілуде.
Екінші бағыт - . Аталған бағыт шеңберінде келесі міндеттерді шешу қажет: өсімдік шаруашылығындағы тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру; астық сақтау бойынша қызметтердің физикалық қолжетімділігін арттыру; ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге судың экономикалық қолжетімділігін арттыру; мал шаруашылығындағы және тауарлы балық өсірудегі тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру; ауыл шаруашылығы шикізатын тереңнен қайта өңдеу үшін тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру; қаржы қызметтерінің экономикалық қолжетімділігін арттыру; білім беру қызметтерінің, аграрлық ғылым нәтижелерінің және консультациялық қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру.
Үшінші бағыт - . Осы бағыт шеңберінде мынадай міндеттерді шешу жоспарланып отыр: фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін дамыту; ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін дамыту; сумен қамтамасыз ету жүйесін дамыту.
Төртінші бағыт - АӨК мемлекеттік реттеу жүйелерінің тиімділігін арттыру. Осы бағыт шеңберінде мынадай міндеттерді шешу жоспарланып отыр: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану тиімділігін арттыру; ауыл шаруашылығы дақылдарын мемлекеттік сорттық сынаудың тиімділігін арттыру; салық салу жүйесінің дамуы; АӨК субъектілері үшін мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін дамыту; ауыл шаруашылығындағы техникалық реттеу жүйесін дамыту; АӨК-дегі мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесінің тиімділігін арттыру.
-Жоғарыда аталған жеңілдіктерге қоса жыл сайынғы көктемгі-далалық жұмыстарға, жылыжай, бау-бақша шаруашылықтарына, тыңайтқыш, тұқым алуға, аналық малға берілетін субсидиялар сақталады. Мемлекет есебінен дән сақтайтын қоймалар салатын боламыз. Игерусіз жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты айтарым - біз оларды қырсыз қожайындарынан қайтарып алу үшін төмендегі тетікті ұсындық. Яғни, бұрын жердің әр гектарына 7 теңгеден төленіп келсе, біз бұл көрсеткішті 500-1000 теңге аралығында көтергіміз келеді. Бірақ, шаруаға салынатын барлық салықтық жүктемеден жер салығының мөлшері аспайды. Бір сөзбен айтқанда, салықтық жүктеменің ішкі құрылымы ғана өзгеріп, жер салығы көтеріледі де қалған салықтар кемітіледі. Сонда ғана жерін қаңтарып қойып қарап отырғандар не қимылдайды, не жерінен құтылады. Жалпы осы сегіз жылдық бағдарламаға 3 трлн. теңге қаржы қажет. Үкімет қолдайды деп үміттенеміз - деді Марат Еркінұлы.
Семинар-кеңеске қатысқан кәсіпкерлер жалпы бағдарламаның жобасын қолдап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.