Оралда «Ақбілек» романына арналған дөңгелек үстел отырысы болды

ОРАЛ. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - ҚР Мәдениет министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапхана қолға алған «Бір ел - бір кітап» акциясының биыл да жалғасын тапқаны белгілі. Акция аясында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми‑әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақ прозасы және ұлттық идея» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
None
None

Аталмыш шараны ұйымдастырушылар Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын осы жылғы жобаның кітабы ретінде таңдаған болатын. Дөңгелек үстелде БҚМУ оқытушыларының осы туындыны ғылыми тұрғыдан жан‑жақты қарастырған баяндамалары тыңдалды. Жазушы шығармашылығына арналған виртуалды кітап көрмесі көрсетілді.

Облыстық ғылыми‑әмбебап кітапхана директорының орынбасары Сара Кенжебаева Америкада «Бір кітап - бір Чикаго» акциясының өткен ғасырдан бері танымалдығы туралы қызғылықты мәліметтер келтірді. Чикаго қаласында жылдың кітабы таңдалып, көп данасы қоғамдық көліктерге, саябақтарға, дүкендерге, жалпы адамдар мол жиналатын орындарға қойылады екен. Оны қалаған адам алып оқып, жыл соңында кітапқа көпшілік талдау жасалатын көрінеді. Әдебиетші‑ғалым Серікқали Шарабасовтың айтуы бойынша, еліміздегі осындай алғашқы шараны 1914 жылы Нәзипа Құлжанова Абай мұраларын дәріптеуге арнап өткізіпті.

Кітаптың қадір‑қасиетін дәріптеген дөңгелек үстел университет студенттерінің Ж.Аймауытов прозасынан үзінділер оқуымен аяқталды. Акция көлеміндегі шаралар бұдан әрі мектептер мен кәсіптік училищелерде жалғасады.

Кітап сүйер қауым «Ақбілек» романының электрондық көшірмесін www.kazneb.kz сайтынан ала алады.

Соңғы жаңалықтар