Оралда ақын Ж.Набиуллиннің 75 жылдығына арналған «Жыр мұхитының жиһангері» атты танымдық сайыс өткізілді
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллиннің 75 жасқа толуына арналған «Жыр мұхитының жиһангері» атты танымдық сайыс өткізілді.
Кітапхана мен «Жайық Пресс» ЖШС Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында бірлесіп ұйымдастырған шараға Орал қаласындағы №30, №40. №43 және №10 орта мектептері 10-сынып оқушыларынан құралған «Мұрагер» «Болашақ», «Болашақ қырандар», «Ақ желкен» командалары қатысты. Олар ақын шығармашылығына байланысты сұрақ-жауап, сөзжұмбақ, арнау өлең, үй тапсырмасынан сынға түсті.
Сайыс қорытындысында №30 орта мектеп командасы үздік өнер көрсетті. Сондай-ақ №40 және №43 орта мектеп оқушыларының дайындығы жақсы болды. Соның ішінде №43 орта мектептен Айкөркем Нұрғалиева, №30 мектептен Айдана Ерғалиеваның ақынға арнаған өлеңдері көркемдігімен ерекшеленді.
Командалар түрлі аталымдармен марапатталып, қатысқан оқушылардың бәріне алғысхат пен Ж.Набиуллиннің кітаптары сыйға тартылды.
Кеш барысында әнші-композитор Әділбек Сүлейменов өз туындыларын орындап, көпшілік көңілінен шықты.