Оралда алдау жолымен ауыр қылмысқа барғандар сотталды
Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, 2008 жылдың басында жүктілігі мен босануына байланысты табысын жоғалтқан жағдайда жүкті әйелдер үшін әлеуметтік төлемнің жаңа түрін белгілейтін «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізілгені Е.Тұрашев пен М.Өтегеновке белгілі болды. Ол үшін аталған азаматтар жүкті әйелдерді анықтап, жүктілігі мен босануына байланысты жәрдемақы ресімдеуге көмек көрсетуді ұсынған, сонымен қатар бала дүниеге келгеннен кейін ай сайын 25 000-30 000 теңге көлемінде көтермеленген жәрдемақы алып тұрасыз деп түсіндірген. Жаңылысқан әйелдер бұған келісіп, оларға әлеуметтік төлемдерді алу үшін қажетті құжаттарды берген. Бұдан кейін Е.Тұрашев пен М.Өтегенов төленген әлеуметтік төлем жөніндегі анықтамаға енгізілген және әлеуметтік төлем мөлшері есептелетін орташа айлық табыс туралы мәліметтер мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы мен алушының есепшотында нақты бар әлеуметтік және зейнетақы төлемдерімен салыстырып түгендеу арқылы тексерілетінін анық біле тұра, жүктіліктері кезінде еңбек қызметін жүзеге асырғандарын растау үшін жүкті әйелдердің есепшоттарына ақша қаражаттарын аударып отырған.
Е.Тұрашев пен М.Өтегенов әрекетсіз кәсіпорындардың мөрлерімен расталған әйелдердің табысы туралы жалған анықтамаларды төлем орталығына тапсырған. Осы құжаттардың негізінде жүкті әйелдерге мемлекеттік жәрдемақылар төленген. Осы мақсат үшін қаланың түрлі банктерінде ашылған әйелдердің картесептеріне аударылған ақша қаражаттарын Е.Тұрашев пен М.Өтегенов қолма-қол ақшаға айналдырып, өз қажеттеріне жаратқан. Ұсынылған 18 анықтама бойынша алаяқтар 10,3 млн. теңгедей ақша қаражатын алып, нәтижесінде мемлекетке көрсетілген сомаға материалдық шығын келтірген.
Орал қалалық соты Е.Тұрашев пен М.Өтегеновті ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімі «б» тармағы, 24-бабы 3-бөлімі - 177-бабы 3-бөлімі «б» тармағымен қарастырылған қылмыстарды жасағандары үшін кінәлі деп танып, мүліктерін тәркілеумен 6 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыруға, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ пайдасына екеуінен 10,3 млн. теңге өндіруге үкім етті.