Оралда алғашқы ұстаздар марапатталды (ФОТО)
Мұғалімдер қауымын төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен білім негізі бастауышта қаланатынын атап өтті. Баланың әрі қарай толыққанды дамуы бірінші мұғаліміне байланысты. Сондықтан алғашқы ұстаздың жөні бөлек. Қолына тұңғыш рет әліппе ұстатып, өміріне өшпес із, өлмес өнеге қалдырған жандарды ешкім де ұмытпайды. Биыл мұғалімдер мерекесінің әдеттегіден ертерек басталып, талай адамның өз ұстазын есіне түсіріп, құттықтап жатуы осындай ізгі ниеттен туындаса керек. Елбасы білім саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде жыл санап жаңа мектептер бой көтеріп, мұғалімдердің жағдайы жақсара түсуде.
Салтанатты жиында облыстың үздік ұстаздарына ҚР Білім және ғылым министрлігінің марапаттары табыс етілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлайша Таңатова, Орал қалалық №17 мектеп директоры Тамара Рудич, Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Баян Махимова, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Светлана Лунева марапатталды. Сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицейінің директоры Алмас Мұқанов, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Ләззат Абдрахманова, Теректі аудандық №3 балалар музыка мектебінің директоры Меруерт Ғаббасова, облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры Фатима Кержикова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Темірғалиеваға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі тапсырылды. Оған қоса үздік бастауыш сынып мұғалімдері, мектепке дейінгі тәрбие педагогтары түрлі аталымдар бойынша аталып өтілді. Ал 19 ардагер-ұстазды бұрынғы шәкірттері, бүгінде әр салада басшылық қызмет атқаратын жандар құттықтап, құрмет көрсетті. «Ұстаздар әулеті», білім саласының демеушілері де ұмыт қалған жоқ.