Оралда «Ардагерлерді ардақтайық» шарасы аясында майдангерлер жас ұрпақ өкілдерімен кездесті
Кездесуге Ұлы Отан соғысында үлкен бетбұрыс болған Сталинград шайқасына қатысқан майдангерлер шақырылды. Екі ұрпақ өкілдерінің кездесуін ашқан «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет майдангерлердің Отанды қорғаудағы көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екеніне тоқталды.
«Өкінішке орай, жыл өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Біздің облыста күні бүгін Сталинград шайқасына қатысқан жауынгерлердің 24-і ғана ортамызда. Олардың алды 90-нан асты. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 68 жылдығы мерекесі таялып келеді. Осы ұлы мейрам қарсаңында сіздер сияқты жеңімпаздармен күнде кездесу өткізсе де артықтық етпейді. Соның алғашқысы ретінде бүгін жастармен кездесуді ұйымдастырып отырмыз», - деді Кенжебай Әлжанұлы.
Кездесуде облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов ардагерлерге Сталинград шайқасының 70 жылдығына орай Волгоград облысының губернаторы С.Баженовтың құттықтау хатын табыс етті.
Майдангерлер Николай Котельников, Екатерина Крылова, Григорий Шишонков және Алевтина Митрохина жастарға майдан жолдары туралы естеліктерін айтып, Сталинград шайқасындағы майдандас жолдастарының ерліктерін баяндады.