Оралда әскерде өзіне-өзі қол жұмсау деректерін болдырмау мәселелері талқыланды

Кеңесте аталып өтілгеніндей, өзіне-өзі қол жұмсау деректері әскерде де өзекті мәселе ретінде қалып отыр. Талдау көрсеткеніндей, әскери прокуратураның үйлестіруімен әскери құрылымдар алып отырған шаралар жағдайдың тұрақтануына септігін тигізуде. Қазіргі кезде әлімжеттік қарым-қатынастар салдарынан өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу деректері жоққа жақын деп айтуға болады. Барлық дерлік суицидтердің себептері анықталған, бұл әлеуметтік негіздегі отбасылық-тұрмыстық мәселелер болып табылады.
Жиында баяндама жасаған Алтынбай Раевтың айтуынша, 2015 жыл әскерде өзіне-өзі қол жұмсаудан сақтандыру жылы болып жарияланған. 2014 жылы әскери қызметкерлер арасында 27 суицид тіркелген. Егер 2008 жылы елудей осындай оқиға тіркелсе, соңғы жылдары 25-27 дерек орын алып келеді. Тексеру көрсеткеніндей, өзіне-өзі қол жұмсаудың 60 пайызы несие бойынша қарыздар болып қалуға байланысты екен. Сондай-ақ тұрмыстық, жеке басқа қатысты мәселелер де әсер етеді. Осының бәрі зерттеліп, қосымша шаралар алынуда. Әскери құрылымдарда, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдарда іс-қимыл жоспары жасалып, әскерде суицидті болдырмаудың бар амалы жасала беретін болады.
Кеңесте сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров баяндама жасап, суицидтің алдын алу мәселелеріне тоқталды. Орал гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, «Халық банкі» АҚ облыстық филиалы өкілдері өз ой-толғамдарымен бөлісті.
Жиын қорытындысы бойынша әскерде суицид көріністерінің алдын алу жұмыстарын жақсарту бағытында шаралар кешені жасалды.