12:00, 26 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Оралда аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын орнықтыру мәселелеріне арналған көшпелі республикалық семинар болды
АЛ. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда аурудың алдын алу мен салауатты өмір салтын орнықтыру, әлеуметтік кеселдерді ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерудің тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған республикалық көшпелі семинар өткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, аталмыш басқосуға салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталықтарының директорлары, скрининг мәселелеріне жауапты мамандар және Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстары бойынша үйлестірушілер қатысты.
Жиын барысында «БҚО-да денсаулық сақтау саласының дамуы және салауатты өмір салтын насихаттаудың жай-күйі» деген тақырыпта арнайы бейнефильм көрсетіліп, қан тамырлары жүйесі аурулары, қант диабеті, қатерлі ісік, глаукомаларды ерте анықтау жөнінде скринингтік тексерудің ұлттық бағдарламасын енгізуді ұйымдастыру жайы талқыға салынды. Шеберлік сағаттары өткізіліп, Ақсай қаласында «Сенім» жастар денсаулығы орталығы ашылды.