07:28, 16 Сәуір 2013 | GMT +5
Оралда ауыл әкімдері білімдерін көтерді
ОРАЛ. 16 сәуір. ҚазАқпарат - БҚО әкімдігінің «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін көтеру орталығында» 19 ауыл әкімі арнайы курстан өтіп, біліктіліктерін арттырды.
Олардың арасында қызметтеріне жуырда орналасқандар мен еңбек өтілдері 17 жылға жуықтағандар бар. Оқу алдында негізгі заңдарды білуден тест тапсырған ауыл әкімдері курс соңында қайта сынақтан өтті. Оларға курстан өткені жөнінде сертификаттар табыс етілді.
Соңғы күні дөңгелек үстел отырысында ауыл әкімдерін алдағы сайлауға қатысты мәселелер талқыланды. Онда облыстық әділет департаменті нормативтік-құқықтық актілер бөлімінің бастығы Естай Рашқалиев ауыл әкімдерінің қызметінде кездесетін мәселелер бойынша жан-жақты түсінік берді. Соның ішінде құжаттарды жасау, нормативтік-құқықтық актілерді түзу тәртібі айтылды.
Қазіргі таңда өңірде барлық ауыл әкімдері алдағы сайлауға әзірленуде.