17:17, 11 Мамыр 2010 | GMT +5
Оралда ауыл тұрғыны есірткімен ұсталды
ОРАЛ. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жедел іздестіру шаралары барысында Орал қаласында Тасқала ауданының 35 жасар тұрғыны Ж. есірткімен ұсталды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, одан салмағы 1,57 грамм героин тәркіленген. Енді ол ҚР ҚК 132-бабына сәйкес жауапталатын болады.
Өткен аптада кісі өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы да болды. Мамырдың 7-сінде жүргізушісі әзірге белгісіз автокөлік Деркөл кентінде екі бірдей әйел адамды қаққан. 1984 жылғы И. оқиға орнында көз жұмса, 35 жасар Л. түрлі жарақатпен облыстық ауруханаға түскен. Қазіргі кезде оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші іздестірілуде.
Мамырдың 10-ында Орал қаласының 1990 жылғы азаматы Андрей Ханенко Самара-Шымкент автожолы бойында, Павлов ауылы тұсында BMW-5 автокөлігінің руліне ие болмай, аударылған. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты.