Оралда БАҚ қызметкерлері арасында С.Бердіқұловты еске алуға арналған республикалық спартакиада өтіп жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында белгілі спорт журналисі, жазушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған ІІ республикалық спартакиада басталды.
None
None

Елбасының салауатты өмір салтын орнықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ұйымдастырып отырған жарыс спорттың тоғыз түрінен өтуде. Атап айтқанда, журналистер 31 қазан мен 1 қараша күндері Орал қаласындағы спорт кешендерінде шағын футбол, жүзу, үстел теннисі, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, қол күресі, гір көтеру және шахматтан сынға түседі. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталады.

Жарыстың бас төрешісі Валентин Каракушиевтің айтуынша, спартакиадаға барлығы 12 команда құрамында 100-ден астам спортшы қатысуда. Олардың арасында «Қазақстан», «Хабар» телеарналары, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының командалары бар. Айта кетейік, Сейдахмет Бердіқұлов (1933-1994) ұзақ жыл журналистика саласында еңбек етті. Соның ішінде «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») басылымдарына басшылық етіп, «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды. Ол спорт тақырыбына да өндіре жазып, осы жанрдың негізін қалады. С.Бердіқұлов, әсіресе, футболдың нағыз жанкүйері еді. С.Бердіқұловты еске алуға арналған турнир бұрын тек шағын футболдан өткізіліп жүрсе, кейінгі жылдары жарыс бағдарламасына басқа спорт түрлері де қосылды.

Соңғы жаңалықтар