Оралда «Бекет ата» кітабы таныстырылды

ОРАЛ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Бекет ата» кітабы таныстырылды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұсаукесер рәсіміне БҚМУ-дың бірінші проректоры Әсет Тасмағамбетов, әдебиетші Серікқали Шарабасов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, филолог Қадір Жүсіп, кітап авторы, «Бекет ата» мешітінің қызметкері Ислам қажы Мырзабекұлы қатысты. Ислам қажы бұл жинақты құрастыруға қырық жылға жуық уақытын сарп еткен. Бекет атаның 260 жылдығына орай жарық көріп отырған, тоғыз бөлімнен, 200-ге жуық беттен тұратын, әдемі безендірілген еңбектің таралымы - төрт мың дана.

-Бекет ата - Адайдың ұраны, Кіші Жүздің сыйынған пірі. 1750 жылы қазіргі Атырау облысының Жылой ауданына қарасты Ақмешіт деген жерде дүниеге келген. Бала жасынан асқан зеректік танытып, 14 жасқа толғанша өз бетімен діни әдебиеттерді, хадистерді меңгерген. Одан әрі Хиуа қаласындағы Шерғазы хан медресесінде жеті жыл білім алған. Бекет - исламдағы теріс ағымдарға қарсы күрескен сұпылық мектептің көрнекті өкілі. Ол сонымен қатар тек діни білім берумен шектелмей, жаратылыстану, физика, математика, астрономия секілді ғылым салаларын да жетік меңгерген адам болған. Ғұмырында жеті мешіт салдырған Бекет ата 1813 жылы дәл пайғамбар жасында дүние салып, сүйегі Оғыланды кесенесіне қойылды, - дейді филолог-ғалым Қадір Жүсіп.

Тұсаукесер рәсімі соңында автор "Бекет ата" кітабының бірнеше данасын жергілікті кітапханаларға сыйға тартты.

Соңғы жаңалықтар