Оралда бесінші кенттік округ пайда болмақ

№1 сайлау округі бойынша сайланған қалалық мәслихат депутаты Ерлан Бақтиярдың сөзіне қарағанда, бұл бастаманы сол кент тұрғындарының көтергеніне біраз уақыт болған. Таяуда қала әкімі Болат Шәкімов Серебряков кентіндегі есептік кездесуінде оны Круглоозерный округінен бөлу жөнінде ұсыныс жасаған. Бұл біраз мәселені шешуге мүмкіндік берер еді. Өйткені серебряковтықтар сырқаттана қалса, Круглоозерныйдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке баруына тура келеді. Ал круглоозерныйлықтар «Қазпошта» қызметі үшін көрші елді мекенге сабылуға мәжбүр. Биыл Круглоозерныйда әкімдік ғимараты салынуда.
Серебряков ауылы толықтай газдандырылған, телефон мен электр қуатымен қамту ойдағыдай. «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселесі шешілуде, қаламен автобус қатынасы жолға қойылған. Туу саны және елді мекендерден көшіп келушілердің көбеюі есебінен халық саны 1,5 мыңнан асқан. Сондықтан жаңа кенттік округтің ашылуы сол аумақтың тұрғындары үшін тиімді болмақ.
Бұл мәселе облыстық мәслихат депутаттары бекіткеннен кейін түпкілікті шешілетін болады. Сөйтіп Оралға қарасты бесінші кенттік округ өмірге келмек.