Оралда «Біздің ортақ үйіміз - Қазақстан» балалар суреті байқауы мәреге жетті

БҚО балалар құқығын қорғау департаментінің маманы Ғалия Нұрғалиеваның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған байқауға облыстағы білім ордаларынан 150 оқушының жұмысы қатыстырылды.
Департамент 10-13 жас және 14-17 жас аралығындағы балалар арасында аймақтық кезең жеңімпаздарын анықтады. Байқау қорытындысында облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Еламан Төлепов пен Елена Демидова, С.Ғұмаров атындағы көркемөнер мектебінен Диана Жұмабаева мен Эльвира Водилина, Жәнібек ауданы Т.Жароков атындағы орта мектептен Нұрлан Жұмабаев пен Ерболат Болатов жеңімпаз атанды.
Аталмыш алты үздік жұмыс Астанадағы қорытынды турға жіберіледі. Республикалық байқауда үздік шыққандар қараша айында елордаға шақырылып, оларға арнайы сыйлық пен сертификат табыс етілмек.